Бокстан облыс құрамасы Түркияның Эрзурум қаласында өтетін Түркия президенті кубогына қатысуға кетті. Жарысқа кетер алдында команданың аға жаттықтырушысы Қанат ОРАҚБАЕВ (суретте) тілшімізге сұхбат берді.
- Осы жылдағы өз шәкірттеріңіздің табыстары туралы айтыңызшы...
- Үстіміздегі жылдың наурызында Кабардин-Балкар республикасының астанасы Нальчикте бокстан «А» сыныпты Бүкілресейлік турнир өтті. Рашид Салауатов пен Ержан Ордабаев турнирдің алтын медалін ұтып алды. Ержан «Турнирдің үздік боксшысы» деген үздік сыйлыққа да ие болды. Рахман Әлжанов «күміс», Азамат Досмағамбетов «қола» жүлде алды.
«ЖС» анықтамасы: Қанат Қадырғалиұлы Орақбаев, 33 жаста, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Спартакиадасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия мен Әлем кубоктарының қола жүлдегері.
Содан кейін құрама мүшелері Талдықорғанда 4-інші Жазғы Спартакиада аясында өткен Қазақстан чемпионатында да сәтті өнер көрсетті. Р. Әлжанов «алтын» алса, А. Досмағамбетов «күміс» иеленді. Атырау бірінші рет ҚР Спартакиадасында бокстан командалық есепте 3-орын алды.
Шілде айында АМУ-дің ДСК-нде Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті Асқар Құлыбаевтың сыйлығына «А» сыныпты халықаралық турнир өтті. Бұл турнир бұған дейін Орал қаласында өткен, биыл бірінші рет Атырауда өткізілді. Турнирге Ресей, Украина, Қырғызия, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінен мықты боксшылар келді. Облыс құрамасының қоржынына осы додадан бір алтын, бір күміс, үш қола жүлде түсті. Асылхан Ұзақбаев «алтын» алса, А. Манашев «күміс», Р. Салауатов, Е. Шүнғарин және Қамбар Ғиниятов «қолаға» қол жеткізді. Алдыңғы турнирдегі Амандық сияқты Асылхан да ҚР спорт шеберінің нормативін орындады.
Шілдеде Қазақстан бокс федерациясы Кубогының ширек финалы алдында командамыз Алатау бөктерінде оқу-жаттығу жиынын өткізді.
ҚБФ Кубогы аясында «А» тобының матчтық кездесуі «Атырау» ДСК-нде өтті. Облыс құрамасы өткен жылғы ҚБФ Кубогының иегері Жамбыл облысының құрамасын 6:4 есебімен ұтты. Осындай есеппен Оңтүстік Қазақстан облысы спортшыларынан ұтылды.
- Құрама командамызға келесі айналымға шығуға аз жетпей қалды. Жеңілістің себебі не?
- Спортшыларымыз бұл айқастарда бар күштерін салды. ОҚО құрамасы сапында ҚР құрамасының сегіз мүшесі - әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен әскерилер арасындағы әлем чемпионы өнер көрсетті.
Біз ұятқа қалдырған жоқпыз деп есептеймін. Өз айқастарында Е. Ордабаев, А. Манашев, Р. Әлжанов және А. Досмағамбетов жеңіске жетті.
Е. Шүнғарин қолынан жарақат алып, рингке шыққан жоқ.
- Бұл матч құрама командамыздың қандай әлсіз тұстарын көрсетті?
- Облыс құрамасында жеңіл салмақты боксшылардың жетіспейтіндігі байқалды. Осы бағытта жұмыс жасаймыз.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Алыс және таяу шетелдік командалармен бірігіп бірқатар оқу-жаттығу жиынын өткізбекшіміз. Ресейде, Моңғолияда, Өзбекстан мен Түркияда өтетін халықаралық турнирлерге қатысуды жалғастырамыз. Облыс құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылары қолдау көрсеткені үшін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасына алғыс айтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген автор және облыстық бокс федерациясы ұсынды