Атырау, 5 мамыр 05:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

2 360 просмотра

Жақсы жұп: Тілешев - Аржанов

Image 26 қыркүйекте «Мұнайшы» стадионында облыстық «Атырау» футбол командасы мен ақтаулық «Каспий» командасы арасында жолдастық кездесу өтті. Матч 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Екі гол да бірінші таймда соғылды. 35-минутта алаң иелері нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Мұрат Тілешев пас шығарып, Владимир Аржанов оң аяғымен допты қақпаға дарытты – 1:0.

Ойынның 39-минутында жағдай қайталанды. Енді доп Аржановта болып, Тілешевке керемет пас берді, ол өз кезегінде қақпа бұрышынан допты торға тоғытты - 2:0. 82-минутта алаң иелерінің нигериялық легионері Майкл Одибе гол соқты, алайда бұл есептелген жоқ. Сонымен, 2:0 – «ағасы» («Атырау Премьер-Лигада ойнайды) «інісін» («Каспий» - Бірінші лига командасы) оңай жеңді.

Суретті «Атырау» ФК баспасөз қызметі ұсынды

***

Мәмлүктер «Астананы» ойсырата ұтты - 10:1

Қазақстан чемпионатының алғашқы екі матчында облыстық «Бейбарыс» хоккей клубы сырт алаңда «Астананы» жеңді.

5 қыркүйекте өткен алғашқы матчта «мәмлүктер» астаналық клубты 4:2 есебімен ұтты. Келесі күнгі ойында Александр Истомин шәкірттері қамшы басып, қарсыласын 10:1 есебімен ойсыратты.

***

Ойыншық көліктер емес

5 қыркүйекте Орал қаласындағы С. Киров атындағы саябақта Батыс Қазақстанның ашық чемпионаты мәртебесі бар күштік экстрим және армрестлингтен жарыстар өтті.

Жарыстарды «Wheels Brothers MC» мотоклубы (О.Шмаль) мен Батыс Қазақстан бодибилдинг және фитнес федерациясы (С.Передистый) ұйымдастырды. Додаға 15 атлет қатысты. Бағдарламада 90 келілік томарды көтеру, 340 келілік тегершікті аудару, «фермердің серуені», жеңіл автокөлікті орнынан көтеру, КамАЗ автобусын сүйреу кірді. Мұнда Атыраудың намысын Нұрбол Әдиет, Досан Қабдолов және Олег Ганус қорғады. Күштік экстримде олар жүлделі орын ала алмады, алайда көрермендердің көзайымына айналды. Сонымен қатар, О.Ганус армрестлингте 1-орын алды.

Спортшылар мен ұйымдастырушылар қолдау көрсеткені үшін «Baker Hughes» (Дэниэл Блаау) компаниясына алғыс айтады.

***

Соль-Илецкіден келген алтын

Орынбор облысының Соль-Илецк қаласында Кеңес Одағының батыры В. Александровты еске алуға және «Самбо-85» БЖСМ-нің 30 жылдығына арналған самбодан 15-халықаралық турнир өтті.

Облыс құрамасы бұл турнирде алты жүлдеге қол жеткізді. 68 келіге дейінгі салмақта «алтынды» әлем чемпионы және екі дүркін Азия чемпионы Жандос Иманбаев иеленді. 66 келіге дейінгі салмақта Ерасыл Әлжанұлы мен 78 келіге дейінгі салмақта Дәурен Болатбекұлы «күміс» медаль жеңіп алды. Ал 52 келіге дейінгі салмақта Қайырберді Айдынбай мен Аманжан Әбу және 62 келіге дейінгі салмақта Асыланбек Азимов қолаға қол жеткізді. Спортшылар 1-БЖС-де Қ. Досқалиев, А. Аралбаев, А. Хатип, Б. Қошқаров және Е. Төлеген сияқты жаттықтырушылардан дәріс алады.

***

Ашетов еліміздің алты дүркін чемпионы атанды

Image 1Өскеменде өткен ардагерлер арасындағы тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатында 49 жастағы атыраулық Құрманбай Ашетов ел чемпионы атанды.

Құрманбай жеті тур өткізіп, мүмкін болар 7 ұпайдан 6,5 ұпай жинады. 2008 жылғы ел чемпионы ақтөбелік Бауыржан Төлегеновпен және 2005 жылғы ел чемпионы павлодарлық Кенжебек Әлназаровпен ойнаған партиялар өте қиынға соқты. Спортшымыз алғашқысымен тең ойнаса, кейінгісін ұтты.

Қ.Ашетов 2006 жылдан бері үш рет ҚР чемпионатының жүлдегері болып, 2009 жылдан бері біріншіліктің жеңімпазы болып келеді.

***

Олар дәстүрді жаңғыртады

Image 0Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен Конституцияның 20 жылдығына орай мектеп және колледж оқушылары арасында байдарка мен каноэде есуден облыс чемпионаты өтті.

Өз жас ерекшелік санаттарында келесілер жеңімпаз атанды: (1000 және 500 метр қашықтық) - Эльдар Аманғалиев, (1000, 500 және 200 метр қашықтық) - Вячеслав Дворянчик, (500 және 200 метр қашықтық) - Дарья Мо Ди Ди Ким, бір кісілік каноэ (1000 метр қашықтық) - Диас Салихов, (1000, 500 және 200 метр қашықтық) – Дамир Қойлыбаев, екі кісілік байдарка (500 метр қашықтық) – Никита Бакиров – Сергей Чукалин, Д. Мо Ди Ди Ким - Кристина Аккушимова.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды

10 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.