9 қыркүйекте Атырауда алғашқы қалалық физика-математика лицейі есігін ашты.
Жаңа оқу орны Жилгородоктағы ОӨК (оқу-өндірістік кешенінің) ғимаратында орналасқан. Ғимарат екі қабатты, 1952 жылы салынған. Жазда демеушілердің күшімен жөндеу жүргізілді, әрі қарай ғимаратқа облыс аудандарының оқушыларына арналған жатақхана салу жоспарлануда. Лицейдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ келесі жылы ғимараттың қайта жарақтаудан өтетіндігіне сендірді.
Қаладағы мектеп-лицейлер мен гимназиялардан ерекшелігі - бұл лицей 7 сыныптан бастап дарынды балаларды қабылдайды. Бүгінде оның қабырғасында 182 лицейші оқиды, олардың көпшілігі түрлі облыстық және республикалық сайыстардың жүлдегерлері, «Алтын белгі» төсбелгісінің үміткерлері болып табылады. Қабылдау комиссиясы нақты ғылымдарға әуес дарынды балаларға мұқият іріктеу жүргізді. Лицейдің мұғалімдері де оның жоғарғы мәртебесін ұстап тұр. Оқытушылардың бос орындарына өткізілетін байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен педагогтар қатысты. Бүгінде оқу орнында Өскеменнің, Оралдың, Қарағандының жоғары санатты мұғалімдері және жергілікті педагогтар жұмыс істейді.
Лицейшілердің оқу сызбасы жоғары оқу орындарының білім алу жүйесіне ұқсас. Тоқсанның орнына балаларда семестрлер болады. Семестр соңында олар арнайы пәндер бойынша сынақтар мен емтихандар тапсырады. Емтихан нәтижелері сынақ кітапшасына жазылады. Каникулдар жылына екі мәрте – қыста 31 желтоқсан мен 1 ақпан аралығында және жазда 25 мамырдан кейін болады. Лицей аралас, қазақ және орыс тілдерінде оқытады. Сабақтар екі ауысыммен жүргізіледі, негізгі сабақтардан кейін арнайы курстар басталады.
- Біз өз оқушыларымыздың ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, пәндік олимпиадалар мен басқа сайыстарға белсенді қатысуына түрткі жасаймыз. Біздің лицей Байқоңырдағы «В.Н.Челомей атындағы халықаралық ғарыш мектебімен», Алматыдағы ғарыштық табиғаттану мектеп-лицейімен, Атырау мұнай және газ институтымен, Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-мен ынтымақтаса жұмыс жасамақшы, - деп әңгімелейді лицей директоры Болатбек ЕРМЕКОВ.
Лицейдің өз асханасы, спорт залы бар. Алайда лицейшілер «Мұнайшы» стадионында спортпен айналысатын болады. Барлық салтанатты шаралар «Құрманғазы» МҮ-де өткізілмек. Лицей оқушылары АМГИ зертханаларын пайдалана алады, профессорлар, жоғары оқу орындарының докторлары лицейде арнайы курстар оқитын болады.
- Бізде жоғарғы математика, жалпы физика, жалпы техникалық пәндер, электр энергетикасы кафедралары бар болғандықтан, біздің институт лицейге жан-жақты қолдау көрсететін болады. Өз кезегімде, жоғарғы математика пәнінің оқытушысы болғандықтан, мен математиканың – техника тілі, көптеген ғылымдардың негізі екенін атап өткім келеді, - деді лицейшілерге АтМжГИ ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Дина ДИАРОВА. – Сондықтан сіздерді бірінші күннен бастап осы ғылымға зейін салып қарауға шақырамын. Сіздің мұғалімдеріңізде сіздерді мақтан тұтуға себеп бар болады, ал сіздер, бәлкім, жоғары білім алу үшін біздің жоғары оқу орнымызды таңдарсыздар деп ойлаймын.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор