Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Индер ауданында бірнеше әлеуметтік нысанның тұсауын кесті.
Алдымен Индербор кентіндегі кезекте тұрғандарға 60 пәтердің кілті тапсырылды. Бұл үйдегі жалпы алаңы 57,49 шаршы метр екі бөлмелі пәтердің құны 7 млн 429 мың теңге, ал үш бөлмелі 88,04 шаршы метр пәтер 11 млн 378 мың теңге тұрады.
Ауданда тұрғын үй құрылысы бірнеше жыл бойы жүргізілген жоқ, ал, тұрғын үй алу кезегінде 500-ден астам адам тұр. Сол себепті жаңа қоныстанушылар өз қуаныштарын жасыра алмады.
Тұрғын үйлердің құрылысын «KazConstructionGroup» пен «АтырауВитаСервис» ЖШС жүргізді. Үйлердің ауласында балалар ойын алаңдары да салынған.
Сол күні Шығыс мөлтек ауданында мемлекеттік қызметші-лерге арналған 10 үй пайдалануға берілді. 3D технологиялық панельмен салынған үйдің жалпы құны 178 млн теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ, құны 1 млрд 150 млн теңгеге бағаланған емхана пайдалануға берілді. Оның да құрылысын «KazConstructionGroup» ЖШС жүргізді. Емханада мүгедектерді оңалтуға арналған жабдықтар орнатылған.
- Заманауи үлгідегі аппараттарға қол жеткізген ақ халаттылардың жұмысы бұрынғыдан жеңілдеді. Енді сырқаттарды облыс орталығына жібермей, осында емдеуге толық мүмкіндік бар, - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Анар ДОСПАЕВА.
Бөдене ауылындағы фельд-шерлік-акушерлік пункт жаңадан салынды. Оның құрылысын «Зап.Электропром» ЖШС жүргізді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА