Атырау, 23 қараша 14:02
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бір түннің хикаясы

3 402 просмотра

«Ақ Жайық» газетінің тілшісі жол полициясы қызметкерлерімен бірге кезекті түнгі рейдке қатысты.

ҚАЛАҒА ЖАҢА БАҒДАРШАМДАР КЕРЕК

Автоинспекторлардың түнгі ауысымы жұмыстарына кешкі сағат жетіден бастап кіріседі, алайда ол түннің «шыжығы мен қызығы» сағат оннан кейін басталады. Шамамен осы уақытқа тақап  біз фототілшімен бірге түнгі күзет қызметіне сенбіден жексенбіге қараған түні ілестік.

- Түнгі ауысымның алғашқы үш-төрт сағатында инспекторлар қаланың негізгі жол қиылыстарында жұмыс жасайды, - деп түсіндіреді ІІД ЖПБ-ның жол-күзет қызметі бөлімшесінің бастығы Талғат МАРДЕНОВ, - кейін жол-көлік оқиғаларын бұзушыларды анықтауға кіріседі. Қоғамдық тәртіпті бақылауға алады.

Кіші сержант Жақсылық ЕСЕНҒАЛИЕВ  Маслопромдағы «молекула» маңына орналасты. Әзірге үш тәртіп бұзушылықты тіркеп үлгерді – қауіпсіздік белдігін тақпаған, сақтандыру полисі жоқ және техникалық бақылаудан өтпеген. Бұл тек басы ғана, ал, әзірше Балықшы поселкесі жағына қарай бағыт алдық...

Мейрамханалар мен түнгі клубтар – жол полицейлерінің нағыз бас ауруына айналды. Әр түн сайын ғимарат алдына бой түзейтін автокөліктер жол қозғалысына кедергі келтіре отырып, екі, кейде, тіпті үш қатарға тізіледі. Оған Торговый базадағы «Империум Плаза» мейрамханасы мысал бола алады. Сол күні кеште сол тұстағы жолдың екі жағында отыздан аса машина болды. Ол көліктердің жүргізушілері қазір хош иісті шәй қосылған шырын ішіп отыр деп жобалауға болады.

Балықшы – Жұмыскер көпірі маңында автоинспектор жастардың ортасында қалған. Сап түзеген той көліктерінің екі бірдей машинасы инспектордың ала таяғының құрбанына айналды. «Той той болғанымен, ережені ешкім де алып тастаған жоқ қой, -дейді Марденов. Өздерінің қуаныштарын өздері бұзып отыр, олардың бірі нөмірсіз апатты жағдайдағы шамдарын жағып келе жатса, енді бірі бейнекамерамен терезеден және люктен шығып келеді...»

Қаланы айналып келеміз. Дөңгелек астынан шулы жолақтар дыбысы құлаққа жетіп жатыр. Осы жазда ғана Исатай-Махамбет алаңы маңына салынған шулы жолақтардың арқасында  Талғат Аюпұлының айтуына қарағанда бұл учаскеде бірде-бір жол-көлік оқиғасы орын алмаған екен. Жол қиылыстарынан өтумен байланысты орын алатын жол ережелерін бұзу статистикасын автоматты уақыт есебі бар және жүргізушіге өз уақытында жолдан ауытқу немесе басқа да орағыту тәсілдеріне мүмкіндік беретін жаңа бағдаршамдар айтарлықтай азайтып отыр. Шынында, олардың саны әзірге аз. Қазір облыс орталығында осындай секундамерлі бағдаршамдарды орнатуды қажет ететін 20-дан астам жол қиылыстары бар. 

- Авангард, «Көктем» базары, куәліксіз жүргізуші, - деп «Азғыр» хабар берді. Бұл жол полициясы басқармасының кезекші дабылдатқышы болып табылады. «Лада-Калина» автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісінің жақында ғана сот арқылы жол-көлік оқиғасы үшін жүргізушілік куәлігінен айырылуы оның тағы да рөлге отыруына кедергі болмаған. Енді міне, тәртіп бұзушыны айыппұл күтіп тұр, көлік болса, айыппұл тұрағына қойылады.

 

«МЕНІ ФОТОҒА ТҮСІРІП АЛҒАНЫ РАС, ЖАРҚЫЛ БОЛДЫ»

- деп жақында ғана таныс таксист өкініп отырды. Ол таяуда ғана жылдамдықты көтеріп, Еркінқалаға қарай бет алып бара жатқанда «Red speed» жылдамдық өлшегіш құралдың нысанасына ілігіп қалды. Енді ол пошта арқылы келетін айыппұлды күтіп жүр. Алайда, әзірге тәртіп бұзушыларға уайымға салынудың реті жоқ, өйткені, Жұмыскер маңындағы жылдамдық өлшегіш құрал жұмыс жасамайды. Бұл аппараттар, бағдаршам нысандары секілді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында. Алайда, ЖПБ пікірінше, осы жабдықтардың жөнделуін қамтамасыз ету тұрғысынан олар сын көтермейді. «Red speed» құралының істен шығуы осынау нашар жарықтандырылған жолда қайғылы жағдайлардың орын алуына себепші болуда.

Шамамен түнгі сағат 11-де алғашқы ЖКО орын алды. Привокзальныйдағы «Арбат» маңында 15-ші моделді «Жигули» «Тойотаға» жол бермеген. Зардап шегушілер жоқ.   Жүргізуші өз кінәсін жоққа шығармады.

Сағат 23.10. Перзентханаға аяғы ауыр әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем тура орталық көпірдің үстінде  дөңгелегі жарылып, орта жолда қалды (суретте). Жүргізуші Абай алаңындағы алаңқайға түсіп, дәрігерлер автоинспекторлардан көмек сұраған. Олар бірден тоқтаған көлік иесіне болашақ ананы жеткізуді тапсырған. Сәби өмірге дені сау болып келді деген үміттеміз.

 

ҚЫЗДАР-АУ, ШАШТАСУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?..

Уақыт баяғыда түн ортасына ауды. Біз ІІД ЖПБ 2-ші взводтың жеке батальонының аға инспекторы Вадим ЧЕРНЯХОВСКИЙДІҢ экипажына отырдық. Қала жолдарында мүлгіген тыныштық. Қалай дегенмен де полиция рациясы үнсіз. Міне, С.Датов көшесіндегі қиылыста әлдебір ала құйын жүргізуші қызылдан зу етіп өте шықты. Онымен қатарласа келе жатқан инспектор оған тоқтауға бұйрық берді, ал, ол болса, оған жауап ретінде газды басып жіберіп, жеке секторға қарай бұрылып кетті. Қисық көшелермен оны қуған әрекеттен ештеңе шыға қоймады. Оның бірден көзден ғайып болуына қарағанда бұл ауданның ой-шұқырын білетін адамға ұқсайды, не болғанда да бір жерге жасырынып үлгерді. Бағдар бере бастадық.

Түнгі өмір өз кезегімен өтуде. Стройконтордағы «Маяк» түнгі клубының алдында бір топ бойжеткен   бір-бірімен жұдырықтасуда. «Ережесіз жекпе-жекті» он шақты жігіт тамашалап тұр.

«Қымбатты арулар, өз сұлулықтарыңды неге бүлдіріп жатырсыңдар?»,-деп мен оларды тәртіпке шақырып қоямын. Төбелес біраз басылғандай болды. Ұялы телефондарының нөмірлерімен алмасқан қыздар бұл жанжалдың келесі күні жалғасатындығын айтып жатты.

-Мас адам ұсталды,-деп  Черняховскийдің әріптесі рация арқылы хабарлады. 

- Иә, біз машинада сыра іштік, мен, тіпті, рөлге отырғаным жоқ, бұл не деген бассыздық! –деп «Мерседес» көлігінің жанында жас жігіт наразылық білдіріп жатты.

 -Онда неге қаша жөнелдің?- дейді оған автоинспектор.

Енді ұсталған жігіт наркологиялық диспансерге жол тартады, ал, кейін сот шешімі шығады.  

  

ҰРЛАНДЫ ДЕГЕНІ ЖАЛҒАН БОЛДЫ  

Инспекторлар тыныш деп бағалаған түнді машина ұрланғандығы жөніндегі хабар бұзды. Оқиға болған жерде тағы да ішімдік ішкен жігіт әр нәрсені шатып-пұтып жауап беруде:

- Мен машинамды үйдің жанында қалдырдым, кілт аузында қалды, келсем машина жоқ...

-Қай уақытта ішіп үлгердің?

-Қазір ғана. Бір бөтелке сыра ғана іштім.

-Сөзіне қарағанда өтірік айтып тұрғанға ұқсайды,-деп күдіктенеді Черняховский. Оның үстіне көлігі жеке емес, қызмет көлігі. Қандай болсын ЖКО-на ұрынып, машинаны қала сыртына қалдырып, онысын жасырған боп, көлікті ұрлады деп байбалам салып тұр.

Кейін ЖПБ ғимаратында жігіт көлікті қайдан іздеу керектігіне сілтеме жасады. «Жұмыскерден не болмаса Сарықамыстан іздеңіздер!». Өзінің айтқандарынан жаңылған жігіт қызметтік ақ «семерка» сол аудандарда үй салып жатқан інісінде болуы мүмкін деді. Шағымданушыға үйіне барып ұйықтап, ертең егер машина табылмаса сау күйінде қайтып келуін сұрады. Ол қайтып келген жоқ. 

Нағыз машина ұрлау таңертең болды. ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, жексенбі күні шамамен сағат 10-дарда Махамбет поселкесінің тұрғыны өз көлікжайының кілтінің бұзылғандығын көреді. Артынша бірнеше сағаттардан соң бейнебақылау камераларының көмегімен жолда қалған «Нива» көлігін Махамбет-Сатыбалдиев көшелерінің қиылысынан тапқан. Күдікті іздестірілуде.

Лев ГУЗИКОВ

Суретті түсірген В. Истомин

27 қазан 2011, 17:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.