Атырау, 10 желтоқсан 01:16
 ашықВ Атырау -7
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Жұмыс берушілер парыздарын қалай өтеп жүр?

2 351 просмотра

Елімізде 2008 жылдан бері елбасының жарлығы бойынша жыл сайын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы өткізіліп келеді. Бұл конкурс жұмыс берушілердің ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес өз қызметкерлерінің алдындағы парызын толық орындауға міндеттелген. Сондай-ақ, конкурсты өткізудегі мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту және бизнес-құрылымдарының еліміздің дамуына қосқан үлесін, бизнестік әлеуметтік жауапкершілігін жария ету.

Қазір әр облыста шағын, орта және ірі кәсіпорындардан конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Өкінішке орай, биылғы «Парыз-2011» конкурсына Атыраудан қатысуға тілек білдіруші мекемелер саны өте аз. Конкурсты ұйымдастырушылар – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы және ҚР Кәсіподақтар федерациясы. Ал жергілікті кәсіпорындарға конкурс барысы жайлы хабарлап отырған Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Серік САПАНОВТЫҢ айтуынша, өңірімізде конкурсқа қатысушылар саны өзге облыстарға қарағанда да төмен. Серік Жұбанұлы бұған қатысты игілікті істерді атқарып жатқан көп мекемелердің үнсіз қалуы - өздерінің мақтана аларлық дәрежесі болмағандығынан емес, конкурсқа қатысуға құжат тапсыруды қиынсынатындығынан деп отыр. Оған қоса, ол еңбек өнімділігі жұмыс берушінің өз қызметкеріне бар жағдайды жасағанда ғана артатынын сөз етті.

Жалпы, бүгінде түрлі номинация бойынша 91 ұйымға ұсыныс хат жолданған екен. Соның ішінен 16 кәсіпорын ғана тиісті құжаттарын тапсырып үлгеріпті. Олар – «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша 5 кәсіпорын: «Теңізшевройл» ЖШС, «Құрманғазы» өндірістік кооперативі, «Бірінші мамыр» ЖШС, «Самек Интернешнл» ЖШС, «Ариадна» ЖШС.

«Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша 10 кәсіпорын: «Болат Жол» ЖШС, «ЮСС Суппорт Сервис» ЖШС, «Каспий Балық» өндірістік кооперативі, «Светланд Ойл» ЖШС, «Консолитейтед Контрактинг Инжиниринг Прокьюрмент С.А.Л.-Оффшор» компаниясы, «Яманлар Иншаат Монтаж Санайи ве Тиджарет А.Ш.» ЖШС, «Катрин Глобал сервисез» ЖШС.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 1 кәсіпорын: «Теңізшевройл» ЖШС.

Конкурс төрт номинация бойынша өтеді. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша кәсіпорын басшылығы өз персоналын қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын ұйымдардың қызметі қаралады (еңбекақыны уақытында төлеу және әлеуметтік төлемдерді кешіктірмей аудару, еңбекті қорғауды ұйымдастыру, кадрларды кәсіби даярлау және қайта даярлау жүйесін қолға алу және т.б.).

«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы»номинациясында қоғамға пайдасын тигізетін және негізгі қызметінде болашақта оң әсер ететін, әр түрлі тыныс-тіршілік салаларындағы әлеуметтік жобаларды іске асыратын ұйымдардың және өзге де жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі қаралады.

«Үздік ұжымдық шарт»номинациясы бойынша ҚР заңнамасында көзделген қызметкердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

«Экологияға қосқан үлесі үшін»номинациясында қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер төмендегідей материалдарды 1 желтоқсанға дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік әріптестік басқармасына ұсына алады:

1. Қосымшаға сәйкес толтырылған өтініш;

2. Үміткердің өз қызметіне және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша нақты нәтижелеріне жасаған бағасының деңгейін көрсететін есебі;

Үміткердің есебіне мыналар кіреді: заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы, ұйымдық құрылым, өзге де қосымша ақпарат;

3. Есепке қосымша (ұжымдық шарттың көшірмесі және өзге де құжаттар).

4. Қазақстан Республикасы және әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген және оның интернет-ресурсында орналастырылған сауалнама болуы тиіс.

Осы материалдарды хат жүзінде немесе электронды түрде мына мекен-жайға жібереді: Астана қаласы, Сол жағалау, Орынбор көшесі, 8-ші ғимарат, Министрліктер үйі, 952-бөлме.

Электронды пошта мекен-жайы: socpar@enbek.kz.

Толық ақпаратты 8 (7172) 74 35 11 телефоны бойынша алуға болады.

«Парыз-2011» конкурсының лауреаттарын марапаттау желтоқсан айының басында елбасы және барлық облыс әкімдерінің қатысуымен Астана қаласында өтеді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

27 қазан 2011, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.