Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарды, сондай-ақ, шартты түрде сотталған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында өткен баспасөз конференциясында талқыланды.
2015 жылдың қаңтарынан бастап жаңа қылмыстық-атқару кодексінің енгізілуімен қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметі деп өзгерді.
– Пробация қызметінің қылмыстық-атқару инспекциясынан айырмашылығы – қадағалау және бақылау функциялары жұмысқа орналастыру және мамандыққа даярлау, тұрмыстық проблемаларды шешу, құқықтық көмек көрсету, психологиялық түзету, қажетті құжаттарды ресімдеу (жеке бас куәлігі, ӘЖК және т.б.) секілді әлеуметтік көмекпен толықтырылды. Пробация латын тілінен аударғанда «сынақ» деген мағынаны білдіреді. Сынақ мәнісі – адамның қылмыс жасағанынан қарамастан, оған сот белгілеген белгілі бір міндеттемелерді орындаған жағдайда еркіндікте қалуға мүмкіндік беру, - дейді Атырау облыстық ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Данияр ТУАШЕВ.
Жыл басынан бері шартты түрде сотталған 450 азамат ҚАЖД пробация қызметінің есебінен өтеді.
Шартты сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көлемін белгілеу үшін жеке бағдарламалар жасақталып, жергілікті атқарушы органдарға жолданды. 123 адам халықты жұмыспен қамту және еңбек департаментіне жіберілді (оның 25-і жұмысқа орналастырылды), 322-сі түрлі көрсетілімдер бойынша денсаулық сақтау департаментіне жолдама алды, 173-і тегін емделді.
Баспасөз конференциясында шынайы «отырғандар» туралы да айтылды. Д.Туашевтың айтуынша, ғимарат пен қылмыстық-атқару жүйесінің бүкіл инфрақұрылымы өткен ғасырдың 30-70-ші жылдары салынған. Сотталушыларды ұстау шарты халықаралық стандарттарға сай келу үшін жаңа ғимараттар салыну керек. Мұндай ауыртпалықты мемлекет мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде бизнеспен бөлісуге әзір. Тиісті ғимарат пен инфрақұрылымдарды салу үшін Астанада, Оңтүстік Қазақстанда, Солтүстік Қазақстанда және Қарағанды облыстарында телімдер бөлінді. Құрылыс салуға жеке инвесторлардың қызығушылығы – мемлекет сотталушыларды ұстау, күзету, қадағалау міндеттерін өз мойнына алады, ал жеке инвесторларға – қызмет көрсету, өндірістік қызметті ұйымдастыру құқығы бекітіледі. Осындай мекемелер базасында өндіріс ұйымдастырып, тұтқындарды жұмысқа орналастырып, табыс табуға болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА