21-23 тамызда «Атырау» ДСК-де Қазақстан бокс федерациясы Кубогының ширек финалы шеңберінде Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының құрамалары арасында матчтық кездесулер өтеді (сайыстың басталуы - сағат 14.30).
Облыстық федерация облыс құрамасының тізімін жариялады.
49 келіге дейінгі салмақта спорт шеберіне кандидат, бапкер Болат Көшеновтің шәкірті, 19 жастағы Сұлтан Дәулетов бақ сынайды.
52 келіге дейін – 22 жастағы Рашид Салауатов, спорт шебері, ҚР чемпионатының жүлдегері, бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы, бапкер Геннадий Смороговтың шәкірті.
56 келіге дейін – 20 жастағы Асылхан Ұзақбаев, спорт шебері, бапкер Саламат Мұханбетжановтың шәкірті.
60 келіге дейін – 21 жастағы спорт шебері Ержан Ордабаев, Қазақстан чемпионы, бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы, бапкер Сәрсенбай Торғаевтың шәкірті.
64 келіге дейін – бапкер Бейбіт Ищановтың шәкірті, 18 жастағы спорт шебері Қамбар Ғиниятов және бапкер Азамат Байдуллиевтің шәкірті, 30 жастағы Әнуарбек Бекімбетов.
69 келіге дейін – 29 жастағы Азамат Досмағамбетов, атыраулық ең тәжірибелі әрі титулды боксшылардың бірі, ҚР Халық спартакиадасының жүлдегері. Азаматтың бапкері - Айдос Дәулетов.
75 келіге дейін – 20 жастағы екі боксшы: облыстың бас бапкері Қ.Орақбаевтың шәкірті Батырхан Ғаббасов және бапкер Мейрамғали Әбсеновтің шәкірті, И.Тайманов пен М.Өтемісұлы атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы Амандық Манашев.
81 келіге дейін – ҚР спорт шебері, 23 жастағы Тоқтар Оспан (бапкері Қ.Орақбаев) пен 20 жастағы Нұрлан Жұмашев (бапкері Б.Көшенов).
91 келіге дейін – ҚР Халық спартакиадасының 24 жастағы чемпионы Рахман Әлжанов.
91 келіден жоғары – 20 жастағы спорт шеберлері Есенаман Шунгарин мен Сұлтан Есболаев (екеуінің де бапкері Қ.Орақбаев). Естеріңізге салсақ, ереже бойынша матчтық кездесу тең есепте болған кезде өкілі аса ауыр салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен құрама жеңімпаз болып саналады.
– Құраманың бапкерлер құрамы өздерінің әрбір боксшысы жеңіске жетеді деп сенеді. Біздің Кубокқа шығуға барлық мүмкіндігіміз бар деп есептеймін, - дейді облыс құрамасының бас бапкері Қанат ОРАҚБАЕВ. – Боксшылар жиындарда дайындықтан өтті, қазір жақсы күйде. Жанкүйерлерді өз командасын қолдауға шақырамын.
ҚБФ Кубогын өткізу тарихында облысымыздың құрамасы турнирдің жартылай финал кезеңінен әзірге бірде-бір рет өткен жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ