Бүгін таңертеңнен бастап екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттері валюта айырбасын тоқтатты. 11-ге жақын барлық банктер сауданы жалғастырды, алайда 4-5% көтерілген курс бойынша сатылды.
АҚШ долларын банктер орта есеппен 196 теңгеге сатып алып, 198 теңгеге беріп жатыр. Еуро: сатып алу – 216,5, сату – 219,5. Негізгі валюталармен бірге рубль де көтерілді: сатып алу - 2,75, сату – 3,09.
Естеріңізге салсақ, бір ай бұрын Ұлттық банкі теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбас курсының валюталық ауытқулар дәлізін өзгерткені туралы хабарлаған болатын. Дәліз 185 +3/-15-тен 185+13/-15 теңгеге жоғарыға қарай кеңейтілді. Яғни, ең жоғарғы шегі - 198 теңге, алайда бүгін түске дейін Казкоммерцбанк, Каспий банкі (1 доллар - 198,4 теңге) және АТФ-банк (198,5) ілген курс белгіленген шектен шығып, көтерілу дәлізінен асып кетті.
Бір қызығы, Ұлттық банкі теңгенің долларға шаққандағы ресми курсын өзгерткен жоқ:
Айта кетсек, 14 шілдеде Н. НАЗАРБАЕВТЫҢ қабылдауында болған Ұлттық банкі төрағасы Қ. КЕЛІМБЕТОВ мемлекет басшысына биылғы қаңтар мен маусым аралығы кезеңінде инфляция 1,4 пайызға тең болғанын, бұл ретте жылдық инфляция 3,9 пайызды құрағанын айтты: «Бұл осы уақытқа дейінгі ең төмен көрсеткіш, яғни біз инфляцияны 3-4 пайыз деңгейінде сақтау жөніндегі тапсырманы орындадық».
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА