Атырау, 24 қараша 00:10
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Нұрсая» кімнің қолына өтеді?

3 563 просмотра

«Нұрсая» жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС  мен ПИК арасындағы текетірестің тұтқындарына айналды.

Өткен жылдың маусымында «Нұрсая» ықшамауданының тұрғындары өз ПИК-терін құрған еді. Алайда олар оны ресми түрде тіркей алмады, өйткені жаңа қоныстанушылардың қолдарында пәтер жоспары болмады. Ал сәл кейінірек кондоминиумның бәсекелесі - «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС пайда болды. Тұрғындар бекітілген тарифтермен танысқаннан кейін шиеленіс басталып кетті. ПИК-тегі («Құрман-Сервис» ЖК) коммуналдық қызмет тарифтері мынадай: ыстық су – 1 шаршы метрі үшін 71 тг, жылу – 1 шаршы метр үшін 48 тг. ЖШС-нің тарифтері одан жоғары боп шықты: су жылыту – 135 тг, жылу – 72 тг. «Нұрсая» ықшам ауданы тұрғындарының негізгі бөлігі Комсомол, Қошқар, Бек-Бике елді мекендерінен көшіп келгендер, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер екенін ескерсек, тарифтердің айырмашылығы әжептәуір екенін көруге болады.

Өткен сенбі күні ««Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС «Нұрсая» тұрғындарымен кездесу ұйымдастырып, ортақ келісімге келуге талпынған. Өкінішке орай  келіскен ешкім болған жоқ. Тұрғындар ЖШС ұсынған тарифтер бойынша коммуналдық төлемдер төлеуден үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Үміт САРИЕВА, зейнеткер:

– Біз бұл жерге Комсомолдан көшіп келдік. Отбасымызда тек бір келінім ғана кітапханада еден жуушы боп жұмыс істейді. Табатын жалақысы 25 мың теңге. Біз КМК-ге ауысудан және анағұрлым көп төлеуден бас тартамыз. Біздің бұған жағдайымыз жоқ. Қолымда мүгедек қызым бар.

Төре ЖҰМАҒАЛИЕВ, зейнеткер:

– Олар жарықты ажыратып тастаймыз деп, бізді бопсалай бастады.

Анаргүл ЕСҚАЗИЕВА:

– Менің 6 балам бар. Күйеуім жұмыссыз. Жоғары тарифпен төлей алмаймын. Сондықтан әзірге ешкімге ештеңе төлеп отырған жоқпыз. Оның үстіне үйіміз де әлі салқын.

Осы даудың салдарынан адал ниетті төлемшілер қас қағым сәтте борышкерлерге айналды. Тұрғындар алты айдан бері жылу мен су жылыту төлемдерін төлемеген.

«Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС заңгері Роза ҚАМЗАҒАЛИЕВАНЫҢ (суретте оң жақта) айтуынша, ЖШС құрылтайшысы қалалық әкімдік екен. Ал тарифті өкілетті орган - қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бекіткен.

– Бұл жердегі пәтердің 50 пайызы мемлекеттік тұрғын үй қорына жатады. Сондықтан мемлекет басқаруды кімге беретінін өзі шешеді. Бір үйдегі бүкіл проблема – онда арендалық та, коммуналдық пәтерлердің де болуы. Бұл үйге ПИК пе, әлде ЖШС қызмет көрсетуі тиіс пе, соны шешіп жатырмыз, - дейді Р.Қамзағалиева. ЖШС бекіткен тарифтерді ол кешенде құны 1 млн теңгеден асатын бірнеше қазандықтың бар екендігімен түсіндірді. Осы қазандықтардың қызмет көрсетуі қомақты қаржы салымдарын қажет етеді екен.

– Біз қазандыққа қызмет көрсету үшін «Жахан-Атыраумен» келісім жасадық. Бұдан басқа тағы бір қазандық болуы тиіс. Алда не боларын кім біледі. Қақаған қыстың қақ ортасында кенеттен бір қазандық істен шығуы мүмкін, - дейді Р.Қамзағалиева.

Алайда бұған қатысты ПИК төрағасы Болат МАҚСОТОВ өз дәйектерін келтірді:

– Қазандықтың кепілдік мерзімі әлі өткен жоқ. Оған қызмет көрсету шығындары да біздің тарифтерімізге енгізілген.

Жиналыс соңында халық тұрғын үй кешеніне қала әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВТЫҢ өзі келіп, шырмалған жағдайды шешіп беруін талап етті.

– Олар бізді бөліп алғанша қыс түседі. Осы проблеманы шешсін. Мұндай артық төлемдер біздің көңілімізден шықпайды. Біз кімге төлесек те бәрібір, тек төлемақы ақылға қонымды болсын, - дейді наразы болған тұрғындар.

«Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС өкілдері әкімге тұрғын үй кешені тұрғындарының талаптарын жеткізуге уәде берді.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

27 қазан 2011, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.