Бүгін, 13 тамызда қала тұрғындары өз ұялы телефондарына WhatsApp арқылы бір тәулікке суық судың тоқтатылатындығы туралы хабарлама ала бастады.
«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! 14 тамызда сағат 23.00-де қаладағы су құбыры желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігіне байланысты бүкіл қала бойынша ауыз судың берілуі жоспарлы түрде тоқтатылатынын хабарлаймыз. Су 15 тамызда сағат 23.00-те беріледі деп жоспарланып отыр. Осы ахуалға байланысты түсіністікпен қарап, дүрбелең туғызбауды өтінеміз. Күтпеген жайт болмас үшін таратып отырмыз!»
Ақпараттың құпиялылығы, сондай-ақ тарату туралы өтініш бұл спам шығар деген ойға жетеледі. Осыған көз жеткізу мақсатында комментарий алу үшін «Атырау Су Арнасы» КМК-не хабарластық. Жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Александр ПАСТУХОВ былай деп жауап берді:
– Судың тоқтатылатындығы туралы біз ешқандай хабарландыру берген жоқпыз. Бұл теріс ақпарат. Суды тоқтату туралы бүкіл ақпарат ресми түрде жасалады: хабарлама баспасөзге жарияланады, теледидарға жүгіртпе жолдар беріледі және бірінші кезекте, суды тоқтату туралы ақпарат біздің www.suarnasy.kz сайтымызға шығады. Болашақта мұндай «хабарламаның» шынайылығын біздің сайтымыз арқылы тексеріңіздер.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА