Орталық коммуникациялар орталығының Атырау филиалында сот өндірісін реформалау мәселелері талқыланды.
Облыстық сот кеңсесінің меңгерушісі Гүлжан ЖҰМАҒА-ЛИЕВА бірінші инстанция, апелляциялық және кассациялық алқалармен шектелетін үш деңгейлік жүйеден бірінші инстанция, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайталама қадағалау алқасы сияқты бес деңгейлік жүйеге көшу жоспарланып отырғанын хабарлады. Ал жоғары сотта ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды реттейтін инвестициялық коллегия құрылады.
Ал Атырау облысына тікелей қатысты жаңалықтарға келсек, алғашқы жарты жылдықта соттарға 10 884 талап-арыз түскен. Азаматтық істердің көпшілігі Атырау қаласы және Жылыой аудандық соттарының еншісінде.
- Соттарға 627 қылмыстық іс түсті. 575 адамға қатысты 506 іс қаралып, үкім шығарылды. 569 адам сотталып, алтауы ақталды, - деп хабарлады облыстық соттың қылмыстық істер бойынша апелляциялық коллегиясы төрағасының м.а. Раиса АҚҚҰЛОВА.
45 адам жеңіл, 138 адам ауырлығы орташа, 174 адам ауыр, 13-і аса ауыр қылмыстары үшін, 199 адам теріс қылықтары (тәртіптік, әкімшілік және азаматтық құқық бұзушылық) үшін сотқа тартылды. Жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған жеті жасөспірім (бесеуі бас бостандығынан айырылды) және 83 әйел сотталды. Биыл бір де бір іс алқабилердің қатысуымен қаралған жоқ. Былтыр осындай бір жағдай болған, бұл істе алқабилер сотталушыны ақтап шықты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА