Исатай ауданы Зинеден ауылының тұрғыны Нұрбол ҒАДІЛБЕКҰЛЫ (суретте) жүн өңдейтін шағын цех ашты.
- Мен Атырау университетінің дене шынықтыру факультетін тәмамдағанмын. Әскерге барып келгеннен кейін Аққыстауда полиция болып жұмыс істедім. Әке-шешем Зинеденде тұрады, мен олардың жалғыз ұлымын, сондықтан оларға жақын болуды ұйғардым, - дейді Нұрбол. - Ауылда жұмыс табу өте қиын. Сөйтіп жүргенде кәсіпкерлікпен айналыссам деген ниет пайда болды. Ата-анам, әсіресе, анам қолдай кетті. Бір минут та бос отыра алмайтын әжем жақсы есімде. Ол үнемі ұршық иіріп, жүн түтіп отыратын, онысын менің анама ғана емес, барлық ниет білдірушілерге үйрететін.
Аудандық әкімдіктегі кәсіпкерлік бөлімі жас жігіттің бастамасын қолдады. Нұрбол Ғаділбекұлы «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болды. Қытайдан 1 млн 100 мың теңгеге жүн түтетін машина, 900 мың теңгеге көрпені сырып тігетін іс машинасын сатып алды.
- Біздің цехта қыз жасауының толық жиынтығына тапсырыс беруге болады. Шикізаттан жетіспеушілік жоқ, көп жыл өңделмеген жүн ауылдастардың ауласында тұрып шіріп кеткен, осыған дейін оны тапсыратын жер болмады ғой, - дейді жас кәсіпкер.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА