Атырауда облыстық кардиологиялық орталықта ТШО қаржысына алынған жаңа медициналық жабдықтардың таныстырылымы өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ ТШО-ға жергілікті денсаулық сақтау саласын тұрақты қолдайтындығы үшін алғысын білдіріп, компанияның кардиологиялық орталыққа жалғама салу жобасын қаржыландыруға қатысатынын атап өтті. Жұмыстар жүріп жатыр және жаңа корпус барлық халықаралық стандарттарға сай болады деп күтілуде.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тим МИЛЛЕРДІҢ айтуынша, облыстық денсаулық сақтау департаментімен ынтымақтаса жұмыс істеудің арқасында компанияға өңір медицинасының екі өзекті қажеттілігі белгілі болған. Бұл ересек тұрғындардың жүрек-тамыр сырқаттарының және балалардың есту қабілеті бұзылуының алдын алу, емдеу. Өткен жылдың қарашасында Теңізшевройл облыстық балалар ауруханасы мен кардиорталық үшін медициналық жабдықтар алуға 4 млн доллар бөлді.
– Кардиоорталықта орнатылған жабдық жүрек ырғағының бұзылуын интервенциялық (хирургиялық) емдеуге және ST.Jude Medical (АҚШ) фирмасының радиожиілік аблациясы процедурасын өткізуге арналған электрофизиологиялық зертханадан тұрады. Электрофизиология – бұл жалпы кардиологиядағы жаңа бағыт. Біз мұндай операциялар жасалатын Қазақстандағы бесінші мекемеміз. Сондай-ақ, «Филипс» фирмасының спиральді 128 қиықты компьютерлік томографымен кез келген патологиясы бар адамды тексеруге болады. Сонымен қатар, «Карл Шторц» фирмасының (Германия) кардиохирургиялық операциялар өткізуге арналған бейне-эндоскопиялық кешені, аудиометрикалық модулі мен басқа диагностикалық жабдықтары бар. Ең танымал фирмаларға артықшылық беріп, барлық жабдықтарды біз өзіміз таңдадық, – деп атап өтті кардиоорталықтың бас дәрігері Марат ҚОНЫСОВ.
Облыстық және аудандық ауруханалардың 29 медицина қызметкері жаңа жабдықтармен жұмыс істеу үшін Мәскеуден оқып келген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор