Атырау, 28 қараша 20:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Шабақтарды тоғанға жіберіп, қортпаны емдеді

3 822 просмотра


23 шілдеде Атырау бекіре балық зауытында (Еркінқала ауылы) бекіре мен шоқыр шабақтарын табиғи суға жіберу басталды. Бірнеше күнде жасанды алты тоғаннан арнайы арықтар арқылы 2 млн 398 мың шабақ «үлкен өмірге» аттанады.

Бекіре балық зауытының директоры Рашиддин ҚАЛИДУЛЛИННІҢ айтуынша, биыл ұзақ уақыт тұрған ыстық ауа-райынан өсіп келе жатқан бекіре шабақтарының қырылып қалу қаупі көп болды.

- Тоғандардағы су 29 градусқа дейін қызды. Бұдан сәл көтерілгенде шабақтар пісіп қалатын еді. Оларды құтқару үшін біз шлюздерді ашып, шабақтардың жолын арнайы торымен бөгеп, сорғымен тоғанға өзен суын жібердік. Осылайша біз су температурасын 27 градусқа дейін төмендеттік.

30 шілдеде 4 тоғаннан тағы бір шығарылым жоспарлануда. Биыл бекіре тұқымдастар ұрпағы 1 аналық және 5 аталық бекіреден, 46 аналық және 62 аталық шоқырдан алынды. Бұлардың барлығы уылдырық шашқаннан кейін теңізге кері жіберілді.

Журналистерге, сондай-ақ, бір ай бұрын Төменгі Пешной тартымынан «Тілекші» кооперативінің балықшылары ұстаған қортпаны көрсетті. Сол кезде салмағы 152 келі, ұзындығы 2,3 метр болатын үлкен балық әлсіз, көп қимылдамай жатқан еді. Браконьерлердің ауынан сытылып шыққан болуы керек, денесінде көптеген жарақат болды.

- Біз оны ашық аспан аясында торда ұстадық, күн сайын денесіндегі жарақаттарға Ресейден әкелінген арнайы дәрі жағып отырдық, - дейді Р. Қалидуллин. – Бір ай ішінде қортпаның жаралары жазылып, балық күш жинады. Қазір оның жағдайын өте жақсы деуге болады.

Жазылған қортпаны балық өсірушілер келесі көктемге дейін зауытта қалдыруды жоспарлап отыр. Мүмкін одан тұқым алудың да сәті түсер.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

24 шілде 2015, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.