Атырау, 28 қараша 16:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Ретро-парк: сызбаға қатысты проблемалар

2 613 просмотра

Image 0Ақпан айында басталған Жилгородоктағы ретро-парктің құрылысы тоқтатылғанына бір ай болды. Естеріңізге салсақ, нысан ТШО-ның әлеуметтік-инфрақұрылымдық «Игілік» бағдарламасының қаржысына салынуда. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, мердігері - «Әлем Констракшн Групп» ЖШС.

Жилгородок тұрғындары атап өткендей, құрылыс мамырдағы нөсер жауыннан кейін тұрып қалған. Бүгінгі күні 3,5 га болатын құрылыс алаңында кей жерлерге қада қағылып, ішінара жер қазу жұмыстары жүргізілген.

Біздің ресми сауалымызға ТШО-дан төмендегі жауап келді.

«ТШО жүргізген тендердің негізінде мердігер болып “Әлем Констракшн Групп" ЖШС белгіленді. Құрылыс әкімдіктен алынған жобалау құжаттамасын түзету қажеттілігіне және осы жоба үшін әкімдік бөлген жер теліміне қатысты бірнеше мәселелерді шешуге байланысты тоқтатылды. ТШО басшылығы сызбаларды түзетіп, жоба бойынша қосымша шығындарға жол бермеу үшін құрылысты шамамен ағымдағы жылы шілденің ортасына дейін кейінге қалдыруды ұйғарды. Жобалау мекемесі - «Атырау Бас жоспар» ЖШС авторлық қадағалау жүргізуден бас тартқандықтан, ТШО жобалық бақылау жүргізу және проблемалы мәселелерді шұғыл шешу үшін басқа жобалау мекемесін тартуда», - деп хабарлады ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ.

«Әлем Констракшн Групп» ЖШС директоры Нұрлыбек ИЩАНОВ бұл ақпаратты растады:

- Жобаны қаржыландыруға қатысты проблема жоқ. Біз кейбір сызбалардың болмауы салдарынан құрылысты жалғастыра алмай отырмыз. Бұрынырақ жобалау мекемесінің ұсынған сызбалары түзетулерді қажет етеді.

- Ал «Атырау Бас Жоспар» ЖШС авторлық қадағалаудан неліктен бас тартып отыр?

- Маған түсіндіргендей, бәрі кадрдың тапшылығына байланысты болып отыр.

- Шынымен де солай, - деп растады, «Атырау Бас Жоспар» ЖШС директорының міндетін атқарушы Мұрат ТӘЖМАҒАМБЕТОВ. – Тағы бір мәселе, бастапқыда біздің мамандар Ретро-парктің жұмыс жобасының аз бөлігін әзірлеуге ғана жұмылдырылды. Басым бөлігі «Атырау Бас Жоспар» ЖШС-нің бұрынғы басшылығы тұсында басқа жобалау мекемелерінің мамандарымен және жеке тұлғалармен келісімшарт бойынша жасалған. Сондықтан біз авторлық қадағалаудан бас тарттық. Басым бөлігін өзіміз жасамаған жобаға авторлық қадағалауды қалай жүргіземіз?!

- Жобаның құны қандай? Біз осы сұрақты ТШО-ға қойған едік, бірақ оған жауап ала алмадық, - деп сұрадық біз Н.Ищановтан.

- ТШО-мен жасалған шартқа сәйкес, мен бұл ақпаратты жария ете алмаймын.

Естеріңізге салсақ, құрылысты аяқтау 2017 жылдың қаңтарына белгіленген еді. Бастапқы жобаға сәйкес, ретро-паркте амфитеатр, кафе, көрме павильоны, көріністі алаң (ротондалар), музыкалық және жанып тұратын бұрқақтар, жасанды тоған, беседкалар мен басқа да сәулет формалары болмақ. Оған 750 терек отырғызылуы тиіс.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.