Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Қашаған жобасында заңсыз жұмыс істеген Ұлыбритания азаматы Кой Гавин ПАУЛҒА айыппұл салды.
– Ұлыбритания Корольдігінің азаматы бола отырып, ол ҚР аумағына 2015 жылдың 15 сәуірінде «Атырау әуежайы» бақылау-өткізу қосыны арқылы Атырау қаласына келіп, Атырау ҚІІБ-не алыс шетелден келген азаматтарды уақытша тіркеу кітабына тіркелген. Жұмыс визасына сәйкес, бұрын ол 2014 жылдың 23 сәуірінен бастап 2015 жылдың 23 сәуіріне дейінгі мерзімге ҚР-на шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат бойынша жұмыс істеген. Алайда тексеру кезінде Паулдың жұмыс визасы мен жұмыс жасауға рұқсаты біткен соң 2015 жылдың сәуірінен 2015 жылдың 30 сәуіріне дейінгі аралықта заңсыз жұмыс істегендігі анықталды, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВ.
Кой Гавин Паул ҚР ӘҚтК-тің 517-бабының 5-тармағында қарастырылған әкімшілік құқықбұзушылық жасауға кінәлі деп танылып, оған 49 550 теңге (25 АЕК) сомада айыппұл салынды.
Естеріңізге салсақ, Кой Кавин Паул Қашаған жобасында NCOC-тың метеорологиялық қызмет көрсетуге маманданған мердігер компаниясы - БМТ АРГОСС Би.Ви. компаниясының филиалында жұмыс істеді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының 2015 жылдың 6 мамырынан 9 маусымына дейінгі аралықта жүргізген жоспардан тыс тексеру жұмыстары БМТ АРГОСС Би.Ви. филиалы шетелден техникалық мамандарды жұмыс рұқсаты мен жұмыс визаларынсыз әлденеше рет жұмысқа тартқандығын анықтады.
Шетелдік қызметкерлерге Атырауға келген кезде алдымен (тұрақты жұмыс жасауға құқық бермейтін) іскерлік визалары толтырылған. Мұнда шетелдік мамандар БМТ АРГОСС Би.Ви.-дің Атыраудағы кеңсесінде болған және тұрақты негізде жұмыс істеген. Бұл жасалған жұмыстардың түрлері баяндалған жұмыс уақыты есебінің ағылшын тіліндегі табелімен расталады.
Еңбек инспекциясындағылар қосымша хабарлағандай, БМТ АРГОСС Би.Ви.-дегі штаттық кестемен жете танысу шетелдік және қазақстандық қызметкерлер арасындағы еңбекақы төлеудегі үлкен айырмашылықты айқындап берген. Мәселен, «техникалық бас маман» лауазымындағы экспаттардың орташа айлық жалақысы 2014 жылы 1,6 млн теңгені, ал осындай позициядағы қазақстандық инженерлердің жалақысы 400 мың теңгені құраған.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА