Атырау, 23 қараша 05:39
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бітіру кеші қарсаңында

6 694 просмотра

Image 0Еліміздің ғылым және білім министрлігі ел бойынша 20 маусымда өтетін мектеп бітіру кештерінің қамын жасап, тіпті осы шараның тұжырымдамасын жасақтады.

Құжатқа сәйкес, бітіру кешіне дайындық – ата-аналар комитетінің, түлектер активінің, мұғалімдердің шығармашылық топтарының біріккен қызметі. Тиісінше, барлық топқа ұсыныстар беріледі. Түлектерге аттестат табыстау шарасына жалпыға бірдей мектеп формасымен, яғни, ақ көйлекпен, блузкамен және т.б. келуге кеңес беріледі. Ата-аналар мен мектеп әкімшіліктеріне – бітіру кешін ұйымдастыру кезінде әкімшіліктер мен мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға жол бермеуге, аса көл-көсір салтанат (банкеттер, қымбат көліктердің шеруі және т.б.) ұйымдастырмауға нұсқау беріледі. Бағдарламада түлектерге құрмет көрсету, аттестаттар мен мақтау грамоталарын табыстау басты оқиға болып табылады. Оны мектеп қабырғасында директор өткізеді.

– Бүкіл ресми салтанатты шаралар – аттестаттарды, мақтау грамоталарын, төсбелгілерді табыс ету, әкімшілік атынан құттықтау, мерекелік концерттер – мектептерде өтеді, - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зылиха ДҮЙСЕКЕНОВА.

Алайда бәрінің ережені ұстанатындығына сенім жоқ. Оның үстіне сыйлықтарға және кешті өткізуге ақша жинау бірнеше ай бұрын басталып кетті, көйлектер мен сыйлықтар сатып алынды, мейрамханаларға тапсырыс беріліп қойылды. Ата-аналардың айтуларынша, мектептерде бітіру кештеріне ақша жинау орташа алғанда 50 мың теңгені құрайды.

Ал сербиялық Пирот қаласындағы гимназия түлектері үнемделген ақшаны науқас балаларға беру үшін бітіру кешінде қымбат көйлектер мен костюмдерден бас тартуды ұйғарыпты. «Сенің сәнденген бес минутың – біреудің бүкіл өмірі» деген акция барысында оқушылар мен мұғалімдер 310 000 динар жинап, бұл ақша ауыр науқастанған балалары бар үш отбасына берілген.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 маусым 2015, 16:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.