Атырауда «Ақпараттық орталық» медиа мектебі мен MediaNet Халықаралық журналистика орталығының журналист мамандығын меңгерем деушілерге арналған білім жобасы өз жұмысын бастады.
Оқудың бірінші күні онлайн тренинг форматында өтті. «Журналистикаға кіріспе» сабағын «Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз ӘБДІЛДА жүргізді.
Жобаны ұйымдастырушы журналист Ринат ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ облыс әкімдігі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қолдау көрсеткенін айтты.
Оқу курсы 3 маусым мен 31 қазан аралығында өтеді. Тыңдаушылар орыс және қазақ топтарына бөлінді. Әр топта 30-дан аса қатысушы бар. Мамандықтарына, жастарына байланысты шектеу жоқ. Қызығушылығы бар кез келген адам дәріс күні өзінің ноутбугімен келіп қатыса алады. Сабақ кестесі студенттердің белгілеген тәртібі бойынша аптасына екі мәрте өткізіледі. Себепсіз бес рет қатарынан қатыспаған тыңдаушымен арадағы келісімшарт бұзылады.
- Біз оқу курсын ақысыз негізде ұйымдастырып отырмыз, ал Алматыда айына 25 000 теңге төлеп оқиды, - дейді Құлмағамбетов. - Әр сабақ Алматыдағы журналисттермен онлайн байланыс арқылы өтеді. Себебі, журналистерді тасымалдауға көп қаржы керек, екіншіден олардың өздері уақыттары аз жандар. Сұрақ-жауап, үй тапсырмасы, дәріс, бейне слайдтар пайдаланылады. Ал, қазанда екі журналист-тренер Алматыдан Атырауға келіп тәжірибе барысында сабақ жүргізетін болады. Оған маусым-қыркүйектегі курстар барысында іріктелген үздік тыңдаушылар ғана қатысады.
Курстың барлық деңгейінен өткен тыңдаушыға «Ақпараттық орталық» медиа мектебінің сертификаты беріледі.
Нұргүл Сағындыққызы, АМУ-дың журналистика бөлімінің 3-курс студенті