10 маусымда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ мамырдағы нөсер жаңбыр салдарынан зардап шеккен үй тұрғындарына көмек тағайындау жөніндегі комиссия жұмысы туралы хабарлады.
– Комиссия екі ай жұмыс істейтін болады. Жауаптылар – облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ пен қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ. Ақша мемлекеттікі, сондықтан қатаң тексеріледі. Осы жауыннан кейін маған тұрғындардан жүз шақты арыздар түсті. Олардың бәрі қаралатын болады. Егер үйлер құлап қалған болса, қожайындарын баспанамен қамтамасыз етуге міндеттіміз.
Облыс әкімі әуежайдың дәл қасынан салынған Нұрсая-3 ықшамауданындағы үйлердің ешқайсысы күрелмейтінін атап өтті. Ол, керісінше, осы ықшамаудандағы коммуникацияны жүргізуге бюджет қаржылары бөлінетіндігін хабарлады.
- Жүздеген адамдарды көшіргеннен гөрі Атырау қаласы құрылысының бас жоспарынан осы жерге салу жоспарланған әуежайдың жүк терминалын алып тастаған жөн, - деп мәлімдеді Б.Ізмұхамбетов.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ