Жекпе-жек
Тәжікстанда ММА-дан (аралас айқас) Азия чемпионаты өтті.
Чемпионатқа үш атыраулық қатысып, үшеуі де жетістікке жетті. 84 келіге дейінгі салмақта Жасұлан Хасимов (жаттықтырушы А. Үмбетов) алтыннан алқа тақты. 70,3 келіге дейінгі салмақта Асыланбек Тәженов (жаттықтырушы С. Мекеев) қолаға қол жеткізді. Кәсіпқойлар арасында 77,3 келіге дейінгі салмақта Исатай Теміров (жаттықтырушы Б. Берғали) жергілікті спортшыны нокаутпен жеңді. Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде алып, командалық есепте бірінші орын алды.
Бокс
Талдықорғанда бокстан Қазақстан чемпионаты өтті.
Атыраулық былғары қолғап шеберлері сәтті өнер көрсетті. 91 келіге дейінгі салмақта Рахман Әлжанов (суретте) ел чемпионы атанды. Финалда ол өз күшін дұрыс пайдаланып, алматылық Арбек Абдуганиевті жеңді. 69 келіге дейінгі салмақта Азамат Досмағамбетов «күміс» жүлдеге ие болды. Финалда ол Оңтүстік Қазақстан спортшысы Бекзод Халметовпен тең айқас өткізді, кей сәттерде дәл соққылар да бергендей еді, алайда төрешілер жеңісті оңтүстіктің жігітіне берді.
Степногорскіде 2001-02 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан біріншілігінің финалдық бөлігі өтті.
ҚР біріншілігінің аймақтық бөлігі сәуірде Ақтөбеде өтіп, бес атыраулық бала іріктеуден өткен еді. Осылардың төртеуі - Руслан Қайырғалиев (40 келіге дейін), Нұрсұлтан Наурызбаев (44 келіге дейін), Берік Төлегенов (50 келіге дейін) және Әли Құлымжан (63 келіге дейін) нәтижесінде қола жүлдеге ие болды.
Футзал
«Балықшы» ДСК-нде байланыс қызметкерлерінің облыстық кәсіподағы қолдауымен мини-футболдан турнир өтті.
1-орынды «Қазпошта» АҚ филиалы командасы, 2-орынды облыстық телекоммуникация дирекциясы, 3-орынды «Транстелеком» АҚ филиалы командасы алды. Шалқарбек Сайынов, Берік Тәжібаев, Аманжол Рыспаев және Нұрболат Идрисов турнирдің үздік ойыншылары атанды.
«Мұнайшы» ДСК-нде еуропалық футбол апталығына арналған мектеп оқушылары мен жүйке-неврологиялық интернаттар шәкірттері арасында мини-футболдан республикалық турнир өтті.
Турнирге Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарынан 9 команда қатысты. Сарайшық, Махамбет және Лесхоз ықшамауданындағы жүйке-неврологиялық интернаттар, сондай-ақ, бірқатар қала мектептері мен С. Қазыбаев атындағы балалар үйі командалары Атырау атынан өнер көрсетті. Дайындық деңгейлеріне қарай қатысушылар дивизиондарға бөлінді. 1-дивизионда С. Қазыбаев атындағы балалар үйі, 2-дивизионда атыраулық Ғ. Мұратбаев атындағы мектеп командасы, 3-дивизионда Тараз қаласының жүйке-неврологиялық командасы жеңімпаз атанды.
Дойбы
«Мұнайшы» ДСК-нде дойбы-64 (орыс нұсқасы) бойынша қала чемпионаты өтті.
Жарыстар швейцариялық жүйеде 7 турдан өтті. Ерлер арасында мүмкін болар 14 ұпайдан 12 жинаған Тайманұлы атындағы мектептің оқушысы Ерзат Кенжеғали жеңімпаз атанды. Екінші орынды №25 мектептің оқушысы Алтынбек Жұмалиев, 3-орынды 58 жастағы спорт ардагері Болат Көшенов алды. Әйелдер арасында медициналық колледж оқушысы Гүлдана Ермекова жеңімпаз болды.
Күрес
Жеңістің 70 жылдығына және Кеңес Одағының батыры Н.С. Майдановты еске алуға арналған 1999-2001 ж.т. жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен 6-халықаралық турнир өтті.
Жарыста атыраулық спортшылар жақсы өнер көрсетті. Бекжан Жақсылықов (69 келіге дейін) және Бекхан Алданов (76 келіге дейін) «алтын» иеленді. Спортшыларды 1-БЖСМ жаттықтырушылары Е. Уайысов пен Е. Тілепов дайындады. Спортшылар мен жаттықтырушылар қаржылай қолдау көрсеткені үшін Атырау облыстық еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресі федерациясына алғыс айтады.
Шахмат
«Теңізшевройл» компаниясы Балалар күніне арналған 7-16 жастағы оқушылар арасында шахмат турнирін өткізді.
Швейцариялық жүйеде, екі кезеңде және үш жас ерекшелік тобында өткен жарыстарға спорттық разряды бар жүзге тарта бала қатысты. Разряды жоқтарға турнир алдында іріктеу жарыстарынан өтуге мүмкіндік берілді.
Қорытындысында жүлделі орын алған 18 бала ТШО-ның сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаздар: Нұрлыхан Құдайбергенов және Зухра Сәрсенби (8 жасқа дейін), Жазира Боран мен Нұрәділ Жамбыл (9-12 жас), Диляра Ғабитова мен Нұрбол Ғалымжанұлы (13-16 жас).
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ