«АЖ»-ға су добынан «Атырау» командасы мүшелерінің ата-аналары хабарласты. Жақында жас спортшылардың жаттығулары жүретін «Мұнайшы» жүзу бассейнінің әкімшілігі оларға жуық арада команданың таратылатыны туралы хабарлаған. Бұған қаржының жоқтығы себеп болып отыр.
«ОЛАР ЖҮЗІП ТЕ БІЛМЕГЕН ЕДІ»
Гүлшара ХАСАНОВАНЫҢ ұлы спорттық жүзумен бес жылдан бері айналысып келеді, оның екі жылын су добына арнаған:
- Біріншіден, оған өте ұнайды. Екіншіден, команда құрылған кезде жаттығулардың тегін негізде өткізілетіні бізді қатты қуантып тастаған еді. Балалар жаттыға бастады, қызығушылықтары артты, әрі қарай дамуға деген ынталары пайда болды. Егер қазір команданы қалдырғанның өзінде жаттығуларды ақылы қылады, ал ондай жағдайда көпшілігі кетуге мәжбүр болады, себебі, ата-аналардың бәрінде бірдей сәйкесінше қаржылық мүмкіндік жоқ.
- Су добы – спорттың олимпиадалық түрі. Жұмыстың басынан біз жоғары нәтижелерге қол жеткізуді және чемпиондар тәрбиелеуді мақсат тұттық. Және екі жылдың ішінде біздің жеткен жетістіктеріміз бар, - деп атап өтті өз кезегінде команда жаттықтырушысы Ернұр ҚОЙЛИЕВ (суретте). – Біздің үш тәрбиеленушіміз тәуір көрсеткіштер көрсетіп, су добынан Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына шақырту алды. Қазірдің өзінде талантты балалар бар, олар болашақта ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге таласа алады.
Жалпы алғанда, 2014-2015 жылдары жүзу бассейнінде су добы мен жүзуден 17 оқу тобы құрылды, олардың құрамында 235 бала жаттығады. Осы топтардың барлығының жұмысы қазір белгісіз күйде.
«ОЛАР ӨЗДЕРІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛАДЫ»
- Былтыр жыл соңында біз бюджетімізді қорғадық және су спортының түрлері бойынша командалар үшін биыл бюджеттен 100 млн теңге бөлінуі керек еді. Бірақ сәуірде ойда жоқта қаржыландырудың 50 пайызға қысқарғаны туралы хабарлама алдық, - дейді «Атырау» су спорты түрлерінің клубы» ЖШС директоры Рашид МУСИН (суретте). Қазір «Мұнайшы» орталық жүзу бассейні сол кісінің жетекшілігінде. – Біздің клуб жұмысының қаржыландыруы жүретін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар ақылы қызмет көрсету есебінен қалған қаржыны біз өзіміз таба аламыз деп есептеген. Қазір алдымызда «біз болашақ чемпиондарды тәрбиелеумен айналысамыз ба, әлде түгелімізбен коммерциялық қызметке кетеміз бе?» деген сұрақ тұр. Оларды қатар алып жүру мүмкін емес.
Біз облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сауал жолдадық. Басқарма басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВТЫҢ қолы қойылған жауапта былай делінген: «''Мұнайшы"» орталық жүзу бассейні біздің басқарманың балансында. Бассейнді күтіп-ұстау «Атырау» су спорты түрлерінің клубы» ЖШС көрсететін ақылы қызметтер табысынан қаржыландырылады. Жарғыға сәйкес, аталған ЖШС ақылы қызмет түрлерін көрсете алады, соның есебінен су спорты түрлері бойынша команданы ұстауға болады. Ол өз кезегінде бюджеттік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. 2015 жылы мемлекеттік тапсырыстарды орындауға облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінді, олар ЖШС жұмысшыларына жалақы төлеуге және өзге де шығындарға арналған».
«РЕАГЕНТТЕРДІҢ ӨЗІНЕ 20 МЛН КЕРЕК»
- Дене шынықтыру және спорт басқармасы су спорты түрлері бойынша команданы қаржыландыруды қысқартты, ал мемлекеттік тапсырыстарды орындау бойынша жұмыстар көлемі бұрынғысынша қалды, - деп қынжылысын білдірді Р.Мусин.
Айта кетейік, мемлекеттік тапсырысқа 235 адам жаттығатын су спорты түрлері бойынша секциялардың жұмысын ұйымдастырудан бөлек БЖСМ-нің 56 тәрбиеленушісіне, мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған клуб спортшыларына, сонымен қатар бассейнге ақылы негізде келуге мүмкіндігі жоқ екі жүз мемлекеттік қызметкерге жаттығу үшін бассейнді өтеусіз ұсыну кіреді.
- Жүзу бассейнінің өзін күтіп-ұстауға көп қаражат керек. 8 жұмыс сағаты бойынша коммуналдық қызмет ақылары жылына 21 млн-ды құрайды, ал химиялық реагенттерге 20 млн керек. Жаттықтырушылар, оқытушылар, сонымен қатар ЖШС жұмысшыларының құрамына кіретін қызмет көрсетуші персоналдың жалақы қоры 30,3 млн теңгені құрайды, - дейді Р.Мусин. – Мемлекеттік тапсырыс көлемін ескере отырып, бассейн жұмысы сағаттарға бөлінген. Сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін бассейн толығымен дерлік мемлекеттік тапсырысты орындайды, бұл кезде біз коммерциялық пайда түсірмейміз. Бұл уақытта тек екі жолақ қана бос болады. Қалалықтардың ақылы негізде бассейнге келуіне 19.00 мен 21.00-дің аралығы белгіленген. Қаржы қысқартылғанмен, мемлекеттік тапсырыстың көлемі азайтылмағандықтан біз су спорты түрлері бойынша команданы тарататын болармыз, соның есебінен бассейнді босатып, ақылы қызмет түрлерін көрсететін уақытты ұзартамыз.
Су добы мен жүзу командаларынан басқа осындай күн заманауи бессайыс, семсерлесу, суға секіру секцияларының басына да тууы мүмкін – олардың жұмыстары ақылы қызмет көрсетуден түскен коммерциялық пайда есебінен қаржыландырылған еді, ал ол енді бюджет кемістігін толтыруға жұмсалады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор