Атырау, 28 қараша 13:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ауыз судың келуіне жақын қалды

3 619 просмотра

Image 0Индер ауданына қарасты ауылдарда ауыз су мәселесі әлі толық шешілген жоқ. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында салынған су тазарту қондырғыларының игілігін халық көре алмай отыр.

«Ақ бұлақ» бағдарламасының бірінші кезеңінде (2011-2015 ж.ж.) 1 млрд 787 млн теңгеге Жарсуат, Бөдене, Елтай, Өрлік, Көктоғай ауылдарында қайта жаңғырту жүргізілген еді. Халық тығыз орналасқан, яғни бес мыңға жуық халқы бар Есбол ауылындағы су тазарту қондырғысы жұмыстарына 221 млн теңге бөлінді. Су тазарту қондырғыларының құрылыс жұмыстары өткен жылдың желтоқсанында толық аяқталған болатын. Индер аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі жаңа нысандарды қабылдап алып, жергілікті округтердің балансына бергеніне бірнеше ай өткенімен, жұртшылық ауыз суға әлі қол жеткізе алмауда.

Округтің бас маманы Ерлан ХАМЗИН Жарсуат ауылындағы 300-ге жуық үйге судың қыстай келіп жатқанын растап отыр. Бірақ нысан әлі сенімгерлік басқаруға берілмеген. Көктоғай мен Өрлік ауылдарындағы СТҚ-лар іске қосылған жоқ. Бүгінде ауылға бригадалар шығып, құдықтарды көтеру жұмыстарымен айналысуда (олар қажетті деңгейден төмен болып шықты).

- Біз су тазарту қондырғысын сенімгерлік басқаруға ешкім алмағасын іске қоса алмай отырмыз. Сондықтан су әзірге берілмей отыр, - деп хабарлады Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали ҚҰСАЙЫНОВ.

- Қазір бізге өзен суын водовозбен жеткізіп беріп отыр. 3 тонна су 1 500 теңге тұрады. Біздің көшеде су құбыры бар. Енді оны үйге тартып алу керек, - дейді Өрлік ауылының тұрғыны Сара МҰХАМБЕТҚАЛИЕВА.

Есбол ауылындағы 800-ге жуық үйдің 600-і ауыз суға қол жеткізген. Ал, қалған үйлерді күзге дейін іске қосу үшін әкімдіктің жанынан бригада құрылған. Құдықтарды көтеру, задвижкаларын қалпына келтіру, құбырды үйлерге дейін жүргізу жұмыстарына 10 млн теңге бөлініп отыр. Жұмыстарды ЖК «Еспосынов» атқаруда.

Ынтымақ, Аққала, Құрылыс ауылдарын таза сумен қамту үшін СТҚ пайдалануға беру, көшеішілік құбырларды қалпына келтіруге бюджеттен биыл 316 млн теңге бөлініп отыр. Жұмысты «АлтынСуАтырау» ЖШС жүргізіп, әкімдік бұл ауылдар биыл таза су ішеді деп сендіруде.

- Біз қымбатқа түскен су тазарту қондырғысы мен құбырларды кез келген кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға бере алмаймыз. Бұл шаруаны мықты басқара алатын адам болуы керек. Одан бөлек, бізге су тарифін бекіту қажет, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор


4 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.