Таиланд елінің билік көздері таяу уақытта 12 айға жарамды көп реттік туристік визаны енгізбек, деді шетелдік дипломаттардың алдында сөйлеген сөзінде осы елдің туризм және спорт министрі Копкан Ваттханаварангкун.
Министр отыз елдің елшілерінің алдында өзінің арнайы ұйымдастырылған қабылдауында сөз сөйледі.
«Біз алты айға және он екі айға жарамды көп реттік туристік визаларды қолданысқа енгізу бойынша жұмыстар істеп жатырмыз. Бұл визаларды ағымдағы жылдың желтоқсан айында беруді жоспарлап отырмыз», - деп мәлім етті дипломаттарға Ваттханаварангкун.
Өз сөзінде ол сондай-ақ Пхукет және Чиангмай сияқты туристік аймақтардағы бұрыннан келе жатқан такси қызметінің қымбат болуы проблемасын көлік министрігімен бірлесіп шешу бағдарламасы туралы айтып берді.
Сонымен қатар министр биылғы жылдың соңына дейін туристердің шағымдарын қарастыратын мамандандырылған соттардың саны алтыдан он беске дейін көбейетінін хабарлады.
Туризм министрлігінің басшысы шетелдік елшілерге туристердің елде жүрген кездегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар туралы жеткізді.
Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар айының басынан мамырға дейінгі аралықта Таиланд 19 миллион шетелдік туристерді қабылдады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға көп, деп хабарлайды РИА Новости.
Дереккөз: ҚазАқпарат