Қашағаннан мұнай өндіруді тоқтату, мұнай бағасының құлдырауы және басқа да келеңсіз факторлар «жеңіл» ақшаның заманы өтіп кеткен атыраулық еңбек нарығына әсер етпей қоймады.
«ҚАНША ТӨЛЕЙДІ?»
Қазіргі ахуал туралы біз рекрутингтік Check Point Central Asia Atyrau компаниясының қызметкерлерді іріктеу жөніндегі менеджері Наталья ЖЕЛДЫБАКОВАМЕН әңгімелескен едік.
- Қашағаннан мұнай өндіру секілді алып жобаның тоқтатылғанын ескере отырып, ахуалды қалай сипаттайсыз?
- Мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы, Ресей рублінің құнсыздануы, қазақстандықтардың девальвациялық болжалы, ЕАЭО-ның іске қосылуы – бұл таяу уақыттағы Қазақстан экономикасының дамуын анықтайтын факторлардың толымсыз тізімі ғана.
Бастапқыда Қашағандағы мұнай өндіру 2014 жылы 8 миллион тонна мұнайды құрап, 2015 жылы 12 миллионға дейін көтеріледі деп болжанған еді. Осы ресурстарға түрлі мақсатта көп жобалар салынды. Енді фирмалардың көпшілігі жұмыстарды қысқартып, тоқтатып тастады, ал кейбірі өз қызметтерін мүлдем жауып тастады. Адамдардың көпшілігі жұмыстарынан айырылды. Қазір еңбек нарығында тыныштық орнаған. Көбейіп жатқан бос орындар жоқ, адамдар анағұрлым сақтықпен жұмыс ауыстыратын болған. Жоғары білікті мамандар сұранысқа ие, ол үшін күрес жүреді. Жалпы, жұмыс берушілердің пікірінше: «Жұмыс туралы ұсыныс жеткілікті, ал жақсы мамандар аз» деген үрдіс қалыптасқан.
- Жергілікті компанияларға қандай кадрлар қажет?
- Қазақстанда жұмысқа орналасу факторларының бірі туыстық байланыс болып келгені жасырын емес. Алайда бүгінгі күні жергілікті компаниялар үлкен кәсібилікке қарай бет алуда. Басшылар мен меншік иелері егер қызметкерлер кәсібиліктің жоғарғы критерийлеріне сай келмесе, компанияны құрдымға кетіретінін түсінеді.
Негізінен бұл жерде азық-түліктер, жабдықтар, құрал-саймандар және т.б. түрлі бағыттағы сауда-саттық саласында бос орындар кең тараған. Банк секторында даму жөніндегі, клиенттерді тарту жөніндегі менеджерлерге, операциялық менеджерлерге бос орындар көп. Әдеттегідей, қызмет көрсету және тамақтану саласындағы қызметкерлер – даяшылар, аспаздар, мейманхана бизнесінің қызметкерлері сұранысқа ие.
Мен үшін соңғы кездері өнеркәсіптік жабдықтарды сату жөніндегі менеджер (дегенмен, жабдықтарды жеткізу біздің өңір үшін сұранысқа ие көрінгенімен) мен электр механикалық агрегаттарды жөндейтін және қызмет көрсететін сервистік инженер позициясына жақсы үміткерлерді табудың қиын екендігі жаңалық болды.
Бұл жерде былай болады: телефон арқылы жұмысқа үміткермен сөйлескен кезде, ол ең алдымен «қанша төлейді?» деп сұрайды. Яғни, тіпті қандай жұмыс екенін сұрамастан ол ақша туралы сұрақ қояды. Оған нені және қалай жасайтындығы, бұл оның қолынан келе ме-келмей ме, бәрібір. Әрине, бәрі бірдей емес, бірақ көпшілігі сондай.
Бізде «қолмен» азшылық қана жұмыс жасай алады. «Электр механиктерінің» көпшілігінің ешқашан жабдықтарды жөндеп көрмегендігі анықталды. Әрбір екіншісі өздері үшін үнемі басқа мамандардың жасағандығын, ал олар тек көргендерін, бірақ мұны ешқашан жасамағандарын айтады.
«САНАНЫ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК»
- Жақында астаналық интернет-порталдардың біріне: қазақстандық еңбек нарығында жұмыс бітіп қалды, іздеушілер ұсыныстардан әлдеқайда көбірек деп растаған рекрутингтік агенттік басшысының мақаласы шықты. Сіз осы пікірмен келісесіз бе? Бір бос орынға қанша түйіндемеден келеді?
- Келісе қоймаймын. Әрине, бос орындар саны осыдан 5-10 жыл бұрынғымен салыстырғанда, азайып қалды. Бірақ басты проблема жұмыс іздеушілердің көптігінде емесе, лайықты мамандардың аздығында жатыр. Содан кейін біздің өңіріміздегі адамдар жоғары жалақыға үйренген, қазір жағдайдың басқаша екендігіне бойұсынғылары келмейді. Адамдардың санасы өзгеруі тиіс. Оның үстіне бәсекелестік қатты болады: биыл және келесі жылы ЕАЭО-ға байланысты Қазақстанға ресейліктермен және еуропалықтармен салыстырғанда еңбекақы талаптары жоғары болмайтын Украинадан, Белоруссиядан, Өзбекстаннан келетін қызметкерлер саны көбейеді деп ойлаймын.
Статистика жүргізу едәуір қиын – жұмыс берушіге қажетті мамандықтағы маман бес, он түйіндеме жібере алады. Бірақ бір де бір үміткер сай келемйді. Тағы бір атап өткім келетіні, тек диплом үшін немесе әдемі түйіндеме үшін қазір ешкім ақша төлегісі келмейді.
- Қазіргі талапкерлерге неге бейімделген жөн?
- Меніңше, ешқандай дағдарыс қорқыныш болмайтын мамандықтар бар. Олар ІТ-мамандары, тәжірибелі қаржыгерлер, жақсы басқарушылар, маркетологтар, құрылысшылар, энергішілер, фармацевтер, медициналық қызметкерлер, аграршылар. Инженерлік мамандықтар да сұранысқа ие болады.
Жас мамандар, жоғарғы оқу орындарының түлектері үшін берекелі уақыт басталып жатқанын атап өткім келеді. Компаниялар кадрлар резерві, жас әлеует туралы дұрыстап ойлана бастаған, олар қолдау көрсетуге әзір. Көптеген отандық және халықаралық компаниялар осылай жасауда. Бірақ! Тек диплом ғана емес, нақты алынған білімі де маңызды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА