Мартыши-Атырау мұнай құбырының 81-ші шақырымында мұнай төгілгені үшін («Мұнай төгілді») «ҚазТрансойл» АҚ Батыс филиалына айыппұл салынды.
Естеріңізге салсақ, 16 қаңтарда Махамбет АІІБ қызметкерлері Мартыши кенішінен жүргізілген мұнай құбырының 81-ші шақырымынан ірі мұнай төгіндісін анықтаған еді. Белгісіз қаскөйлер құбырға рұқсатсыз ойық жасап, содан соң тесікті бітемей қашып кеткен. Мұнайдың ағуы «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының күшімен жойылды.
Экологтардың оқиға орнын тексеру актісіне сәйкес, жер бетінен 6 мұнай дағы және Сарыөзектен бір дақ табылған. Мұздағы мұнай дағының ұзындығы
Табиғат қорғау прокуратурасының баспасөз хабарламасында хабарланғандай, «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы мұнай төгілгені туралы дер кезінде хабарламаған. Бұл экологиялық заңнаманың бұзылуына әкеп соқтырды.
Табиғат қорғау прокуратурасының ұйғарымы бойынша, облыстық экология департаменті ҚР ӘҚтК-нің 324-бабының 1-тармағы («Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу») бойынша 1 млн 189 мың 200 теңге мөлшерінде; ҚР ӘҚтК-нің 337-бабының 2-тармағы («Жерді бүлдіру») бойынша - 396 мың 400 теңге мөлшерінде зиянды өтеу туралы қаулы шығарды; жауапты тұлғаға ҚР ӘҚтК-нің 327-бабы («Ластаушы заттардың өндiрiстiк нормативтен тыс тасталуы мен шығарылуы, қалдықтардың орналастырылуы туралы хабарламау») бойынша 49 550 теңге айыппұл салды.
Бұдан бұрынырақ мұнай төгілу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 4-тармағы («мұнай-газ құбырынан аса iрi мөлшерде қылмыстық топ жасаған ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы хабарланған еді. ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, «қазіргі уақытта айыпталушы ретінде тартылуы тиіс тұлғалар анықталмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Алайда осы қылмысты ашу жөніндегі жедел-іздестіру шаралары жалғасуда».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ