Атырау, 27 қараша 07:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Крутой» көліктерді кім өртейді?

1 897 просмотра

Атырауда түнгі уақытта көліктерді өртеу оқиғалары жалғасуда. Осыған орай полицияда арнайы тергеу-оперативтік тобы құрылды.

Бізге қала прокурорының аға көмекшісі Магамед ЕСЕНБОЛАТОВ хабарлағандай, 22 қыркүйек күні шамамен таңғы сағат 4-те Авангардтағы 4-ықшам ауданда екі шетелдік маркадағы «БМВ» және «Фольксваген пассат» көліктері өртенген. Өрт екі көлікті де түгелімен жалмаған. Өртену себебін сарапшылар анықтауда, өрт қою туралы жорамал да жоққа шығарылмады. Бейресми ақпарат көздері бойынша, алдымен су жаңа дерлік 2007 жылы шыққан «Фольксваген» отқа оранған. Содан кейін от көрші көлікті шарпыған.

Жуырда ғана адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВТЫҢ «Инфинити» көлігінің (15 тамызға қараған түні) өртенгенін еске алмасқа болмайды. Ол ресми түрде қаламызда көлік өртеумен айналысатын қылмыстық топтың бар екенін мәлімдеген болатын. Оның растауынша, соңғы бірер жылда күш құрылымдары мен кәсіпкерлерге тиесілі елу шақты көлік өртенген («АЖ», №33 – «Танымал адвокаттың автокөлігін өртеп кеткен»). Айтпақшы, осының алдында ғана белгісіз біреулер облыс прокуроры көмекшісінің көлігін өртеп жіберіпті.

Естеріңізге салайық, Жолболов облыс прокурорының, ҰҚКД мен ІІД басшыларының атына осы қылмыстардың барлығын тергеумен айналысуды өтінген арыз жазған болатын («АЖ» №34 – «Өрт қоюшы камерадан қорықпаған». Облыстық ҰҚК департаментінің бастығы Нұржан ЖІГІТЕКОВТІҢ қолы қойылған жауапта жазылғандай, оның арызы тергеу үшін ІІД-не жолданған. «Көлік өртеу және көлік жарылыстары бойынша тапсырыстар орындаумен айналысатын қылмыстық топ туралы шұғыл сипаттағы мағлұматтар жоқ екендігін қосымша хабарлаймыз», - деп жазыпты ҰҚКД.

Облыс прокуратурасы тергеу аяқталғанша комментарий беруден бас  тартты. Редакция сауалында бұл сұрақ айқын қойылса да, өз қызметкерінің өртенген көлігі туралы жақ ашпады.

ІІД бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Бауыржан РАХМЕТОВ былай дейді: «Жапа шегушінің арызы бойынша тергеу-жедел тобы құрылды. Олар соңғы уақыт ішіндегі автокөліктердің өртенуіне қатысты барлық істі көтеріп, болған оқиғалар арасында қандай да болмасын байланыстың бар-жоғын тексеруде. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын».

Лев ГУЗИКОВ

29 қыркүйек 2011, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.