D аралы. 2013 жылғы 26 тамыз. Суреттер «АЖ» мұрағатынан алынды «АЖ» сайтындағы «Қашаған – бұл басы ғана...» мақаласына коментарий жазған адамдардың бірі қазір ауыстырылғалы жатқан Солтүстік Каспий жобасының бұрынғы құбырларын салған мердігер компаниялардың басшыларына қатысты қылмыстық іс неге қозғалмайды деп сұрақ қойған еді. Алайда, ренжімеңіз, бұл өткен жылдың желтоқсан айында қазақстандық тарап пен Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC арасындағы келісімнің («Бәрін сызып тастап, бәріне қарыздар болып қалды» мақаласын қараңыз) қасында күлкілі сұрақ.
КІЛЕҢ ТАНЫС ТҰЛҒАЛАР!
Консорциум 2004 жылғы 1 қаңтардан 2013 жылғы 1 қыркүйек аралығындағы D аралынан «Болашақ» мұнай және газ өңдеу кешені арасына тартылған күкіртті газ бен күкіртті мұнай құбыр желілерін салу және пайдалануға байланысты шығындарын ($909 млн), сондай-ақ болашақта оны бұзуға кететін қаржыларын өндіру туралы талабын қайтып алуға келісім берді.
Өз кезегінде қазақстандық тарап мердігерлерді алғашқы құбыр желілерін салу мен пайдалану бойынша барлық жұмыстарға байланысты мемлекетке тигізілген шығындардан босатты. Қазақстан өзіне шығындарды сотпен немесе басқа да тәртіптермен өндіруді талап етпеу жөнінде міндеттеме алды. Сонымен қатар, Келісімде мердігерлер әкімшілік жауапкершілікке де тартылмайды деп жазылған, өйткені ҚР ӘҚБК-ге сәйкес, мердігерлердің 2004 жылғы 1 қаңтардан 2013 жылғы 31 желтоқсаны аралығы кезеңінде жасаған түрлі құқықбұзушылықтары бойынша ескіру мерзімі өтіп кеткен.
Маңызды бір жайт: тараптар құбыр желілерін ауыстыру жұмыстарына алғашқы құбыр желілерін салу және құбырларды дайындауға қатысқан барлық немесе кейбір ауыстырылған мердігерлер тартылады деп келісті. Осыдан кейін, күткеніміздей, жаңа құбырларды салу тендерін ескіні жүргізген итальяндық «Saipem SpA» компаниясы ұтып алды («Дежавью немесе Сайпем қателіктерімен жұмыс» мақаласын қараңыз).
Жобалау және құбырларды дайындау жұмыстарына қатыстырылған мердігерлер - ERSAI Сaspian Contractor LLC, Petrovalves Srl, Tectubi Raccordi SpA, Fabricom GTI NV/AS, EEW – Erndtebrucer Eisenwerk Gmbh&Co, NDT Services Ltd LLP, BJ BJ Services Company Middle East Ltd, Van Oord Offshore BV, Esab Saldatura SpA, Voestalpine Bohler Welding Italia SpA компаниялары. Яғни, барлығы да алғашқы сәтсіз жобаға қатысқандар. Келісімшарт берілгендердің тізімінде 100-ге жуық ұсақ компаниялар тіркелген. Бұлар да бұрынғы құбыр желісі жұмыстарына қатысқан шығар.
ЕШТЕҢЕ ҰМЫТЫЛҒАН ЖОҚ
Келісім аясында консорциумның басқарушы комитеті кезекті рет өз тәуекелдерін сақтандыру бағдарламасын бекітті.
Қашаған кен орнын игеру аясында теңіз кешеніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары апат немесе төтенше жағдайлардан жалпы лимиттен $1,65 млрд-қа сақтандырылады. Атап айтсақ, жерүсті кешеніндегі жұмыстар - $250 мың., баржыларға арналған буксирлер – $500 мың., теңіз кешеніндегі жұмыстар - $1 млн, теңіз кешенінің кәсіпшілік құбыр желісі - $3 млн, теңіз кешенінің кәсіпшілікішілік құбыр желісі - $2 млн, жерүсті кешенінің кәсіпшілікішілік құбыр желісі - $500 мың.
Сонымен қатар теңіз және жерүсті кешендеріндегі құрылыс кезіндегі азаматтық жауапкершілік және жалпы жауапкершілікті сақтандыру да қарастырылған. Әр апат немесе төтенше жағдайларға лимит бойынша $50 млн, жерүсті кешеніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары (амортизациядан басқа, теңіз кешенінде де) – әр апат немесе төтенше жағдайларда лимит + жарияланған құнның 10%-ы; жерүсті кешенін терроризмнен сақтандыру - $250 млн, мердігерлік учаскедегі қазіргі және болашақтағы барлық ұңғымалары бойынша оператордың қосымша шығындары - әр апат немесе төтенше жағдайлар бойынша құрама бірыңғай лимит - $550 млн, үшінші тұлғалар алдында жауапкершілікті сақтандыру - $200 млн және т.б.
Барлығы, медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігіне дейін сақтандырылды. Тек 2015 жылы NCOC Қашаған кен орнының тәжірибелік-өнеркәсіптік кезеңі бойынша $19 млн-нан аса сақтандыру төлемдеріне қаржы бөледі.
Ал Каспий өңірі тұрғындарына, сондай-ақ Каспий теңізі биоресурстары үшін сақтандыру төлемдері мен өтемақылары қарастырылмаған.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА