Атырау, 23 қараша 09:18
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Атыраудың жасыл базары

5 859 просмотра

Image 0Қаланың ірі сауда нүктелерінде нағыз «жасыл базарлар» пайда болды. Сатушылар баршаға белгілі алма, алмұрт, өрік сияқты жеміс ағаштарымен бірге өңірімізде сирек кездесетін шалшын, жаңғақ және тағы басқа өсімдіктердің көшеттерін ұсынуда және жақсылап күтіп-бақсаң, барлығы да шығады деп сендіруге тырысуда.

НЕ БАР?

Сырттан әкелінгендермен бірге жергілікті көшеттер де бар екен.

Мадина ҚОЙСАРИЕВА Қара өзек маңында орналасқан шаруа қожалығынан алынған көшеттерді сатады.

- Біз гүлдерге көп көңіл бөлдік. Бізде олардың 50-ден аса сұрыптары өсіріледі. Атыраулықтар бақытгүл, раушан, сарыгүл, флокс гүлдерін көп сұрайды. Сонымен қатар жеміс және декоративті ағаштарды да өсіреміз. Барлық көшеттер де жерсінген. Сырттан әкелінетін, оңтүстікте, құнарлы жерде, жайлы климатта өскен өнімді сату тиімдірек болар, алайда жергілікті материал өз климатымызға, жерімізге жақсы жерсінеді, - деп есептейді ол.

Image 2Вера ЕНИКЕЕВАДА (суретте) да жергілікті көшеттер ұсынуда:

- Біз түгел отбасымызбен осы іспен айналысамыз. Теңдік пен Көкарнада үлкен үш саяжайымыз бар. Жас жеміс ағаштарын өзіміз өсіріп, будандастырамыз. Иә, Атыраудың топырағы құнарсыз, алайда дұрыс күтім жасасаң, бәрі шығады.

Өз қолымен өсірген үш жылдық жеміс ағаштарының көшеттерін ол 1 500 теңгеден, шаған мен қарағашты 500 теңгеден сатады.

Алайда сатылымда сырт жақтан әкелінген ағаштар көп. Жылы жақтан әкелінген жеміс ағаштары 600-800 теңгеден, қарағаш пен терек 300-400 теңгеден сатылады.


ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?

Сатып алушылардың көпшілігі жапырағы көп көшеттерге қызығады. Бұл дұрыс емес деп есептейді тәжірибелі диханшылар.

- Ағаштарды тәлімбақтардан сатуға шығарғанда, олардың топырақтарын тазартады, сәйкесінше, олар тамыр жүйесімен ылғалды сіңіре алмайды да, өсімдік кебе бастайды, - дейді бағбан Людмила АКСЕНОВА. – Жапырақтарды мұқият алып тастау керек. Ал, бізде көшеттер топырағымен целлофан қапшықтарға салынып сатылады. Ерінбеңіздер, ағашты қапшықтан шығартып, тамыр жүйесін қараңыздар. Тамырлары «бұтақты», тік, артық талшықтары жоқ жұмсақ болуы керек. Кесілген жері ақшыл болады. Егер кесілген жері қоңыр-қара болса, оны сатып алудан бас тартыңыз: тамыр жүйесі зақымданған деген сөз. Егер сатушы ағашты будандастырылған десе, тамыр жүйесінің үстінде томпайған орны болуы керек.


ҚАЛАЙ ОТЫРҒЫЗАДЫ?

Image 1

- Жақсы көшетті таңдау бұл – жарты іс. Ағаш – бұл кішкентай бала сияқты, оған жақсы жағдай жасау керек, - дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекциясының бас маманы Игорь РЯДНОВ. Отырғызатын жердің топырағын даярлау өте маңызды. Отырғызатын шұңқырды күзде дайындаған жақсы. Топырақтың үстіңгі қабатын оңға, төменгі қабатын солға бөліп шығарған жөн. Көшетті отырғызғанда тамыр жүйесін үстіңгі қабатпен, жоғары жағын төменгі қабат топырағымен көму қажет.

Ағашты отырғызар алдында оны «сергітіп» алған дұрыс. Бұған қолданатын оңай қоспаның қалай дайындалатынын айтып берейін. Шірінді тыңайтқыш пен топырақты сумен араластырып, сұйық қаймақтай болғанша былғайсыз. Көшеттің тамыр жүйесін сәл тіліп, осы қоспаға жарты сағатқа салып қоясыз. Осы қоректендіретін қоспа тамырға сіңіп, өсімдіктің өсуіне көмектеседі.

Жеміс ағаштарын отырғызғанда өсімдіктің будандастырылған жері жердің астында немесе жер үстінде өте жоғарыда қалып қоймауы өте маңызды. Осы жері жер бетімен бірдей болатындай етіп отырғызамыз. Ағаш айналасындағы топырақты жақсылап жаныштау қажет. Ең соңғы жұмыс – қандыра суару. Келесі күндері де отырғызған жердің топырағы кеуіп қалмауын қадағалау қажет. Төртінші күні суарғанда азотты тыңайтқыш қолдануға болады.

Игорь Николаевич қала аумағының әр ауданында топырақтардың әр түрлілігін байқағанын айтты.

- Мәселен, Лесхозда жер асты суларының деңгейі өте жоғары. Мұндай жерлерде бірдеңе шығару қиын, бірақ болады. Басында жайқалып өсіп кеткен ағаш тамырлары жер асты суларына жетіп, қурап қалмас үшін бұл мәселені алдын ала шешу керек. Ағаш отырғызылатын шұңқырдың түбіне тамыр төменге емес, жан-жағына қарай таралуы үшін қатты заттардан төсеме жасауға болады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

16 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.