«Новинский» мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы енді «Ақжайық» резерватына бекітілген. Осыған қатысты балық кәсіпшілігіне жұмылдырылған бригадалар арасында түсінбестік туындап, кешікпей ол жерде балық аулауға тыйым салынады деген әңгімелер пайда болды.
«Новинский» қаумалы - республикалық маңызға ие ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА). Ол 1986 жылы табиғи ортада жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, соның ішінде Қызыл кітапқа енген түрлерді сақтау мақсатында ұйымдастырылған. Алаңы 45 мың га болатын қаумал Құрманғазы ауданында орналасқан. Ол облыс орталығынан шалғайда жатыр, ол жерге жету оңай емес, Ганюшкин және Утеры поселкелері арқылы өтіп, әрі қарай су көлігімен барады. Өзінің функциялық маңызы бойынша қаумал – зоологиялық, мұндай аумақта балықты қоспағанда аң аулауға, кез келген тәсілмен және құралдармен жануарларды олжа қылуға тыйым салынады.
- Бұрын бұл жерлер қазір орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мәртебесінде жұмыс жасап жатқан орман және аң шаруашылығы инспекциясына тиесілі еді. Енді осындай қаумалдардың барлығын республика бойынша резерваттарға, қорықтарға, ұлттық бақтарға табыстауда, - дейді «Ақжайық» МТР ғылым және мониторинг бөлімінің бастығы Александр ИВАСЕНКО. – Бірақ «Новинский» қаумалының «Ақжайық» табиғи резерватының құзырына берілуі заңды негізде балық кәсіпшілігімен айналысатын Құрманғазы ауданы тұрғындарының әлеуметтік мүдделеріне шек қоймайтынын атап өткім келеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА