Атырау, 28 қараша 09:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Қолжетімсіз баспана

4 025 просмотра


Индербор поселкесінің тұрғындары пәтер кезегі тізімінен сызылып қалғандарына алаңдаулы.

Поселкеде соңғы жылдары тұрғын үйлер құрылысы жүрмеуіне байланысты баспана мәселесі өзектіге айналған.

1989 жылы 32 пәтерлік, ал, 2002 жылы 8 пәтерлік үйлер пайдаланылуға берілген. Содан бері баспана тұрғызылмаған.

2014 жылы поселкеде 60 пәтерлік үйдің құрылысы басталысымен индерборлықтарда зор үміт пайда болды. Салынып жатқан тұрғын үйден баспана кезегінде тұрғандарға пәтерлер жалға берілетін болды.

Екі бөлмелі пәтер алаңы 57, 49 шаршы метрді құрап, құны 7 млн 429 мың 840 теңгеге, ал, үш бөлмелі пәтер алаңы 88, 04 шаршы метрді құрап, құны 11 млн 378 мың теңгеге бағаланып отыр. Аудан үшін бағасы арзан емес, әрине, бірақ ауыл тұрғындары баспаналы болу үшін мұндай бағаны да төлеуге дайын.

Бүгінде ауданда пәтер кезегінде 520 адам тұр. Бұл кезек он шақты жылдан бері жылжусыз қалған болатын. Жаңа пәтер кілтінен дәмелі индерборлықтар пәтер кезегін білуге барған кезде тізімнен бұрынғы орындарын таппай қалған, ал, кейбіреулері тізімнен мүлде алынып тасталған.

Мәселен, Индербор поселкесінің тұрғыны Марал ӨТЕГЕНОВА 2000 жылы пәтер алу кезегіне №110-шы болып тіркелген, 2008 жылы кезек жылжып, пәтер кезегі саны №58 болған.

Ал, жақында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі М.Өтегеноваға балаларының кәмелеттік жасқа толуына байланысты тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарылатыны жөнінде жазбаша түсініктеме беріпті.


Image 2Марал ӨТЕГЕНОВА
- Мен поселке әкімінен босаған пәтер немесе жатақхана сұрап арыз жазғанмын. Бірақ поселке әкімдігінің ондай мүмкіндігі болмай шықты. Сонша жыл тұрып, кезектен шығып қалғаным жаныма батады. Ал, үй салып алуға жағдайымыз көтермейді, -
дейді М. Өтегенова.

Жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иегері, зейнеткер Нәбия АМАНОВА 2003 жылы №91-ші болып кезекке тіркелген, ал, жақында ол да кезектен алынып тасталыпты. Саман тастан тұрғызылған, шатыры жоқ мына екі бөлмелі үйде сегіз адам тұрып жатыр.

- Қазір екі бөлмелі үйде үйленбеген, екінші топ мүгедегі қайным, үшінші топ мүгедегі бар қызым, күйеу балам, басқа да балаларым тұрып жатыр. Қызымның баласының туабітті сырқаты бар. Күйеуім қарауылшы, өзім зейнеткермін, - дейді Н. Аманова. – Енді жалдамалы болса да, үй тие ме деп отырғанда «балаларың кәмелетке толып кеткен» деп, кезектен алып тастапты. Кемінде төрт балаң кәмелетке толмаған болуы керек екенін айтады. Бұл заң жүзінде болар, бірақ жағдаймен санасу керек қой? Мен мұны бұлай қалдырмаймын, барлық инстанцияларға шағымданбақпын.

14 баланың анасы Гүлкашима ҚАБИЕВА да кезектен шығып қалғандардың бірі.

- Тұрғын үйге мұқтаждарды тіркеу құқығы 2008 жылға дейін поселке әкімі аппаратында болатын, ап, 2008 жылдың тамызынан бастап аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне тапсырылған, - дейді кент әкімінің міндетін атқарушы Алмас ҚҰСАЙЫНОВ. - Атап өтерлігі, сол кезде тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың арыздары ешқандай нақтылы деректерсіз, іс-құжаттарсыз, тек аз қамтылған отбасылар атауымен кесте түріндегі тізіммен ұсынылған. Бүгінде баспана сұраушылар көп. Тіпті, жатақхана табу да мүмкін болмай отыр.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Орынғали ХАСАН барлығы да заң жүзінде атқарылып отырғанын айтты:

- Қазіргі уақытта «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою стандартын» және ҚР Үкіметінің №856 қаулысын басшылыққа алып отырмыз. Яғни, азаматтардың 10 санаты бойынша өтініштер қабылдап жатырмыз. Біраз адамдарды тізімнен шығардық. Кейбірін қайта қараудамыз. Өтегенованың өтінішін арнайы құрылған комиссияда қарап, қайтадан өз кезегіне қоямыз деп отырмыз. Ал, Г. Қабиеваның жолдасының атында үй бар болып шықты. Бірақ кәмелеттік жасқа толған балаларының арызын қабылдаймыз. Аманованың өтінішінің алынып тасталуы - кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы болуы керек еді. Оны ескермеген. Және оның атында жер бар. Аманованың мүгедек қайнысы мен қызын кезекке қойдық.

- Нақтырақ айтқанда қандай жағдайда кезектен шығарылады?

- Жылжымайтын мүлігі барлар үй кезегіне алынбайды, егер арызы одан бұрын қабылданған болса, кезектен шығарылады.

Айтпақшы, бүгінде поселкеде тағы да үш қабатты, 60 пәтерлік үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

16 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.