Атырау, 28 желтоқсан 15:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қысқа қайырғанда

1 742 просмотра

Кезекті миллиардтаған айыппұл «Теңізшевройл» компаниясынан өндіріліп алынды. Облыс прокуратурасының баспасөз релизінде айтылғандай, оның табиғат қорғау бөлімшесінің ұйғарымы бойынша ілеспе газды рұқсатсыз өртегені үшін сот арқылы «Теңізшевройл» ЖШС-нен 1,7 миллиард теңгеден астам зиян сомасы өндіріліп алынған. Бұл сома толықтай мемлекет кірісіне алынды. Биылғы жылы қадағалау органының араласуымен табиғат пайдаланушылардан қоршаған ортаға тигізген зиян үшін барлығы 5 млрд. теңгеден астам сома өндіріліп алынған.

 

Облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым Рысқалиевтің айтуынша, өнім жинау уақыты басталғаннан бері облыс бойынша 47,5 мың тонна көкөніс жиналған. Бұл қыста облыстағы өнім бағалары шарықтап кетпеу үшін жеткіліксіз. Облыстық әкімдік азық-түлік жеткізушілерге басқа аймақтағы серіктестерімен ол жақта баға төмен боп тұрған кезде ұзақ мерзімді келісім-шарт жасауға нұсқау берді. «Жайық Агро» компаниясы қарағандылық «Астра Агро» картоп өсіру шаруашылығымен  3 мың тонна картоп жеткізу бойынша келісім-шарт жасаған. 7 вагоннан тұратын бірінші эшелон жолға шығыпты. Бұдан басқа, «Атырауагросервис» ЖШС мен «Товарная биржа» АҚ келісімі бойынша облысқа 2,5 мың тонна картоп пен 500 тонна сәбіз және пияз жеткізілетін болады.

 

Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым Рысқалиевтің айтуынша, облыста 186 мың сиыр, 638 мың қой, 45 мың жылқы мен 32 мың түйе бар екен.Шөпке қажеттілік 604 мың тонна құрайды. Өткен жылдағы шөп қалдығы 34 мың тонна құраған. Ал дайындалғаны 517 мың тонна. Яғни, тағы 53 мың тонна қажет. Облыс орталығы мен Исатай ауданындағы селолық округтердің фермерлері шөптің жеткілікті қорын жинап алған. Қалыс қалғандар қатарында Жылыой, Құрманғазы, Индер және Махамбет аудандары бар. Аудан әкімдеріне жем-шөп дайындауды 25 қазанға дейін аяқтау тапсырылды.

 

Облыстағы мекен-жай тіркелімі және жылжымайтын мүлік тіркелімін біріктіру биылғы жылдың қазанында аяқталатын болады. Бұл туралы сәулет және қала құрылысы басқармасында хабарлады. Тұрғын үйлердің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, мемлекеттік органдар мен мекемелердің мекен-жайлары туралы барлық мәліметтер жинақталып, қазір нақтылау бойынша, сондай-ақ дұрыс емес, қате жазылған және қайталанып келетін мекен-жайлар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар электронды үкіметтің дерек қорын құру үшін жүргізіледі. Яғни, еліміздің кез-келген нүктесінде тұрып, белгілі бір нысанның мекен-жайы туралы нақты анықтаманы алуға болады. Облыс бойынша 2 қала мен 176 село, поселке мен ауыл тіркелген, халық саны 537 мың адамды құрайды.

 

Құрманғазы ауданының прокуратурасы жергілікті тендерлік комиссия жұмысынан заң бұзушылықтар анықтады.Атап айтқанда, аудан прокурорының орынбасары Ерлан Хисметуллиннің айтуынша, өткен уақыт мерзімі бойынша конкурс өткізу фактілері анықталған. Бұдан басқа, тендерге қатысуға жіберілмеген үміткер қызмет көрсетушілер хаттамада келісім-шарт жасалған серіктестер ретінде көрсетілген. Тексеру нәтижесі бойынша округ әкіміне 75 мың теңге айыппұл салынып, конкурстық комиссияға қатысты материал тәртіптік комиссияға жіберілді.

29 қыркүйек 2011, 19:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.