Түркияның Акхисар қаласында былтыр Сомадағы кен орнында болған жарылысқа қатысты іс бойынша сот отырысы басталды. Осыған байланысты былтыр 13 мамырдағы сұмдық апаттан қаза тапқан 301 марқұмның туған-туыстары сот ғимаратының жанына жиналды.
Олар осы іс бойынша жауапқа тартылатын 8 айыпталушыға ең жоғарғы жазаны белгілеуді талап етті. Судья ашынған жұрттың наразылығына байланысты сот тыңдауын кейінге шегеріп, айыпталушыларды Измирден жеткізуді 15 сәуірге ауыстырды. Қазір сот отырысы өтетін ғимарат маңында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, Сомадағы кен орнында болған жарылыс соңы өртке ұласып, салдарынан 301 кенші көз жұмып, тағы 122 адам жарақат алған болатын. Тергеушілер апатқа тоқтың қысқа тұйықталуы себеп болғанын анықтаған. Албие Йылдырым, құрбан болған кеншінің туысы: - Біз әуел бастан әділ сот жүргізілгенін қалаймыз. Бәріміздің тілегі осы. Айыпталушыларды мұнда 15 сәуірде әкеледі енді.
Дереккөз: 24.kz