БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның баспасөз хатшысы Стефан Дуярич Пан Ги Мун бұдан жүз жыл бұрын Осман империясында армяндардың жаппай қырылуын "айуандық іс" деп атағанын хабарлады.
Журналистермен сөйлескен Дуярич бұған қоса БҰҰ бас хатшысы "1915 жылғы оқиғаларға баға берудің өзгелерге тиіп кететін тұсы барынан да хабардар екенін" айтты.
Бұған дейін Рим Папасы Франциск 12 сәуірде болған армяндардың қырылуын "20 ғасырдың адғашқы геноциді" деп атаған. Бұл сөзден бірнеше сағат өткен соң Анкара Ватикандағы елшісін кеңесу үшін шақыртып алатынын мәлімдеген. Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу "бұл оқиғаға біржақты түсінік беру Рим Папасы мен оның билігіне жараспайды" деп мәлімдеді.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Twitter-де Рим Папасының сөзі "құқықтық және тарихи шындықтан алыс әрі қабылдауға тұрарлықтай емес" деп жазды. "Діни жетекшілер негізсіз айып тағып, наразылық пен жеккөрушілік тудырмауы тиіс" дейді ол.
Дереккөз: Азаттық радиосы