Түркия Рим Папасы Францисктің жексенбілік құлшылықта Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде, Осман империясы тұсында армяндардың жаппай қырғынға ұшырауын "геноцид" деп атағанына наразылық білдірді.
Францисктің сөзінен бірнеше сағат өткеннен кейін Анкара Ватикандағы елшісін кеңесу үшін шақыртып алғанын мәлімдеді. Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу "бұл оқиғаға біржақты түсінік беру Рим Папасы мен оның билігі не жараспайды" деп мәлімдеді.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Twitter-де Рим Папасының сөзі "құқықтық және тарихи шындықтан алыс әрі қабылдауға тұрарлықтай емес" деп жазды. "Діни жетекшілер негізсіз айып тағып, наразылық пен жеккөрушілік тудырмауы тиіс" дейді ол.
12 сәуір күні Франциск Ватикандағы Әулие Петр соборында "Өткен ғасырда адамзат жалпыға ортақ және бұрын-соңды болмаған үш қасыретті бастан өткерді. Олардың біріншісі, көп жағдайда "20-ғасыр геноциді" деп аталатын қасыреттің армян халқына тікелей қатысы бар" деген.
Дереккөз: Азаттық радиосы