Панкратион
Орал қаласында өткен панкратион, грепплинг және ММА бойынша ҚР чемпионатында облыстық джиу-джитсу федерациясының командасы сәтті өнер көрсетті.
Өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанғандар: панкратионда - Жомарт Мұрат (10-11 жас), Қуандық Жамбырбаев (16-17 жас), Ернар Қожахметов (18-19 жас), грепплингте - Жақсылық Кереев (16-17 жас), ММА-да - Әбілхайыр Дүйсәліпов (18-19 жас). Қуандық, Ернар, Жақсылық және Әбілхайыр тамыз айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Чемпиондарды жаттықтырушылар Ерболат Сатыбалдиев пен Айбар Есенғалиев дайындады. Спортшылар мен жаттықтырушылар 1-БЖСМ директоры Б. Тайжановқа жаттығу жасауға зал бергендігі үшін алғыс айтады.
***
Таэквондо
Ақтөбеде таэквондодан (GTF нұсқасы) дәстүрлі «Азия жауынгері» халықаралық турнирі өтті.
Турнирге Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстан мен Ресейден 800-ден аса спортшы қатысты. Жарысқа біздің облыстан 20 бала аттанды. Бесеуі «мацоги» (кумите) санаты бойынша жеңімпаз атанды: 16-17 жас - Рүстем Сейтімов, 12-13 жас - Евгений Похлебухин, 8-9 жас - Арнұр Әмірханов, 6-7 жас - Дмитрий Еременко және Нұрәлі Бекбол. Р.Сейтімов «Үздік техникасы үшін» кубогына ие болды. «Хёнги» (ката) санатында Денис Ким команда қоржынына бір «күміс» салды. Балаларды Берік Әлжанов жаттықтырады.
***
Дойбы
Наурызда атыраулық дойбышылар Қазақстанның екі чемпионатында керемет жетістікке жетті.
Шымкентте өткен 20 жасқа дейінгі зағип мүгедектер арасындағы чемпионатта Қ. Дүтбаева атындағы колледждің оқушысы Мөлдір Қажимова 1-орын алды. Өткен жылғы чемпионатта оның «күміс» жүлде алғанын атап өткен жөн. 2015 жылғы чемпионаттың «қоласын» Аманқос Әбдешев жеңіп алды.
Таразда оқушылар арасындағы ҚР чемпионатында «классика» санатында қала сыртындағы Ақсай ауылының 9-жасар баласы Бекарыс Жұмалиев «алтын» иеленді. «Рапид» санатында ол екінші орын алып, «блицте» төртінші болып, сәуір айында Ташкентте өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды.
Облыс құрамасының мүшесі Ерзат Кенжеғали 4-орын алып, жинаған ұпай саны бойынша спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Балаларды Еркін Үсенов жаттықтырады.
***
Футбол
5 сәуірде Қызылордада футболдан ел чемпионатының 5-туры аясында «Атырау» ФК жергілікті «Қайсармен» тең ойнады.
Матч қызықсыз өтті – екі команда да шабуылдан гөрі қорғанысты көбірек ойлады. Қорытынды есеп, сәйкесінше – 0:0. Дегенмен, сырт алаңда бір ұпайға ие болу біздің командамыз үшін жаман нәтиже емес.
***
Жүзу
Көкшетауда 2004 ж.т. және одан кіші қыздар арасында жүзуден ашық республикалық турнир өтті.
Жарыстарға Қазақстанның барлық облыстарынан 300-ге жуық жас жүзгіштер қатысты. Атырау қаласының су спорты түрлері клубынан Виолетта ШИЛЬМАН жарысқа шығып, төрт медальға ие болды.
Виолетта «алтын» (
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Волейбол
Павлодарда Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында ҚР чемпионатының соңғы 4-тур ойындары өтті.
«Атырау» командасы осы турда ойнаған төрт матчта да жеңіліс тапты. Алайда алдыңғы турларда жинаған 43 ұпайы қола жүлдеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. «Тараз» чемпион атанса, «Павлодар» екінші орында.
«Атырау» командасының легионері Василий НОСЕНКО чемпионаттың үздік диагональды шабуылшысы атанды. «Атыраудың» байланыстырушы ойыншысы Нұрсұлтан БИМЫРЗА 23 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы сапына қосылды.
Сурет «Атырау» ВК-дан алынды
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ