Атырау, 21 желтоқсан 18:11
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Алар асуы алда

2 418 просмотра

Image 0«АЖ» анықтамасы:
Асылан Есқабылұлы Жаманбаев, 30 жаста, жоғары санатты жаттықтырушы, жаттықтырушылық өтілі - 10 жыл.

Маусым айында облыстық еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының құрылғанына бір жыл толады. Осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде облыстың еркін күрестен аға жаттықтырушысы Асылан ЖАМАНБАЕВ (суретте) әңгімелеп берді.

- Федерация құрылған осы бір жыл уақыт ішінде көп нәрселер жасалды. Облыстық федерацияның жұмысы арқасында Атырау қаласындағы және аудандардағы еркін күрес топтары спорттық құрал-жабдықтар – күрес кілемдерімен, кір тастарымен, зілтемірлермен, жарыс өткізуге арналған таблолармен қамтамасыз етілді. Ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы жарыстарда тұрақты түрде жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген спортшылар жас ерекшеліктеріне қарамастан ай сайын жалақы алады. Жаттықтырушыларға да қосымша төлемдер есептелінді. Ел ішінде және шетелде өтетін жарыстар мен жаттығу жиындарына бару жолсапарлары төленеді. Облыстық күрес федерациясының таңбасы салынған 200 спорттық форма жиынтығы – кроссовкалар, жейделер, сыртқы спорт киімі мен бейсболкалар дайындауға тапсырыс берілді. Сонымен қатар, федерацияның тапсырысымен жарыстарға арналған жүлдегерлер тұғыры дайындалып жатыр.

- Жыл басынан бері қандай спорттық нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

- Ақпанда Талдықорғанда ересектер арасында ҚР чемпионаты өтіп, мықтылар әлем және Азия чемпионатына іріктелді. 70 келіге дейінгі салмақта Азамат Өміржанов «күміс» иеленді. Азаматтың әлем чемпионатына баруын ҚР құрамасының жаттықтырушылар штабы шешеді. Азамат – өткен жылғы ҚР чемпионы, Азия чемпионаты мен Азия ойындарына қатысты. Палуанды Марат Жанғалиев (4-БЖСМ) жаттықтырады.

Image 1

Сол чемпионатқа тағы бір белгілі палуанымыз Айдарбек Баймұратов та қатысты. Жарыс алдында ауырып қалған, осының салдарынан бар мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Дегенмен, құраманың жаттықтырушылар штабы оның шеберлігі мен тәжірибесін есепке алып, ұлттық құрама команда қатарына қосты. Айдарбектің бапкері - әкесі, КСРО спорт шебері Сембай Баймұратов (3-БЖСМ) .

Ақпан айында тағы бір қуанышты оқиға орын алды: Қарағандыда өткен турнирде сәтті өнер көрсеткені үшін Данияр Айсекенов ҚР спорт шебері атағын алды. Ол – менің шәкіртім (1-БЖСМ).

Сол айда Тараз қаласында 1998-97 ж.т. жастар арасында ҚР чемпионаты өтті. Мұнда 66 келіге дейінгі салмақта Айдын Тәжіғали қола медаль алды. Ол жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы, 2013 жылғы әлем және Азия чемпионаттарына қатысушысы, Әзірбайжан мен Түркияда өткен халықаралық турнирлардың жеңімпазы. Ол да менің шәкіртім.

Наурыз айында Дағыстанда федерацияның қолдауымен аға жаттықтырушы Айдос Лекеровтің жетекшілігімен облыстың жасөспірімдер құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Балалар Әзірбайжан, Қазақстан және Дағыстан құрамаларындағы құрдастарымен бірге жаттығу жасады. Команда жиыннан кейін бірден Қарағандыға 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатына барды. Мақаттық Ерболат Ізғалиев (оны Әмірхан Жүгенісов жаттықтырады) пен 2013 жылғы еркін күрестен Еуразия жасөспірімдер ойындарының жеңімпазы құлсарылық Ерболат Рахманов күміс жүлдегер атанды. Оны Қабдығали Жұманов жаттықтырады. Екі палуан да тамыз айында Боснияда болатын әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды. Қазір мен осы екі спортшымен бірге Шымкентте өтетін оқу-жаттығу жиынына барғалы жатырмын, жиын аяқталғаннан кейін Бакуге жастар мен жасөспірімдер арасындағы Әзірбайжан кубогіне барамыз.

Қазіргі уақытта Алматыдағы республикалық спорт интернатында республикалық және шетелдік турнирлердің жеңімпаздары болып табылатын 12 атыраулық бала - 2000-02 ж.т. кіші жасөспірімдер оқып жатыр. Оларды барлық жағынан қамтамасыз етуді облыстық күрес федерациясы толықтай өз міндетіне алды. Жалпы облысымызда еркін күреспен 600-ден аса жасөспірім мен ересек айналысады, оларға 40 білікті жаттықтырушы дәріс береді.

- 2015 жылы болатын басты жарыстарды атаңызшы.

- Мамыр айында Дағыстандағы Каспийск қаласында әлемнің бес дүркін чемпионы Әли Әлиевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Оған Қазақстан құрамасының сапында палуандарымыз А. Өміржанов пен А. Баймұратов қатысады.

Сол айда Түркияда жасөспірімдер мен жастар арасында «Виктория» халықаралық турнирі өтеді. Оған А. Тәжіғали, Е. Ізғалиев және Е. Рахманов қатысады. Қазанда Шымкент қаласында 2000-02 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтеді. Бұл чемпионатқа біз күш сала дайындаламыз, бірнеше жүлде аламыз деп үміттенеміз. Қараша айында Астанада дәстүрлі ҚР кубогы өтеді, оған облыс құрамасының барлық мүшелері қатысады.

Еркін күрес секциясының спортшылары мен жаттықтырушылары облыстық еркін, грек-рим және әйелдер федерациясының президенті, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат Құлымұлы Оразбаевқа осы спорт түріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.