Атырау, 25 қараша 16:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Лаңкестерді азаматтығынан айыру мәселесі қызу талқыланды

1 742 просмотра

Image 0Енді Еуропа елдерінде лаңкестік әрекетке қатысы болса кез келген адам азаматтығынан айрылуы әбден мүмкін. Бұл мәселе Францияда қызу талқыға түсті.

Біреулер Конституцияға енгізілетін өзгерістер елді содырлардың сойқанынан қорғайды десе, өзгелер құжат адам құқығын бұзады деген пікір білдіріп, үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Қоғамда айтыс туғызған бұл мәселе Францияда соңғы рет Шарли Эбдо баспасына шабуыл жасалардан бір ай бұрын талқыға түскен еді. Ұсынысқа парламенттегі социалистердің дені қарсы шыққан болатын. Ал бұл жолы оппозиция өкілдері тіпті лаңкестікке қатысы бар адамды да азаматтықтан айыру қажет деп отыр. Филипп Менье, Франция ұлттық ассамблеясының депутаты: - Отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жалғыз тиімді шара – оларды азаматтығынан айырып, түрмеде жазасын өтеп болған соң, ел аумағынан қуу. Ұлыбританияда тіпті британдық туманың өзін азаматтықтан айыру туралы заң былтыр шілде айында енгізілген болатын. Ал 2015 жылдың ақпан айында Ішкі істер министрлігіне шетелдерде лаңкестікке қатысы бар азаматтарға ел аумағына кіруге тыйым салу құқы берілді. Францияда бұл мәселе әлі де қызу талқыланып жатыр. Соңғы ресми мәлімет бойынша, Сириядағы содырлардың қатарына 413 француз азаматы қосылған. Тағы 294-і дайындықтан өтіп жатқан көрінеді. Ал әр кезеңде Ирак-Сирия жасақтарының қатарына қосылған француздар саны 1250-ден асып түскен. Бүгінде азаматтықтан тек қос азаматтығы барлар ғана айырылады. Алайда бұл үдеріс өте күрделі болғандықтан, соңғы 42 жылда 8 рет қана қолданылған. Аксель Лемэр, Франция экономика министрлігі жанындағы мемлекеттік хатшы: - Егер бұл шара қолдау тапса, оның лаңкестерге әсер ететініне сенесіз бе? Артық қыламыз деп тыртық қылып жүрмесе игі. Бәрі керісінше болуы да мүмкін ғой. Социалистер бұл жолы да нақты шешім қабылдауға мұрша бермеді. Қылмыскерлерді қайта тәрбиелеп, келімсектер қоғамына өткізу керек деген көзқарас басым түсті. Алайда елдегі әсіре оңшыл қозғалыстардың ықпалымен бұл даулы мәселе бірер айдан соң парламент қабырғасында қайта көтерілуі мүмкін.

Дереккөз: 24.kz

8 сәуір 2015, 16:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.