7 сәуірде Водников поселкесінің №5546 әскери бөлімінің алаңында 17 қазақстандық әскери қызметшілердің тәжік-ауған шекарасында қаза болғанына 20 жыл толуына орай қаралы жиын өтті.
№5546 әскери бөлім командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары Саян АМАНЖОЛОВТЫҢ баяндамасынан:
– 1995 жылы 7 сәуірде Пяндж өзенінің бойындағы Пшихавр шатқалы арқылы жасалған жорықта ішкі әскер колоннасына Ауғанстан жақтан моджахедтер оқ жаудырды. Ұрыста 17 қазақстандық әскери қызметкер қаза тауып, 33-і жараланды. Дұшпандардың жасаған шабуылы тойтарылды. Жасаған ерліктері үшін ұрысқа қатысушылардың барлығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапатымен марапатталды. Жауынгерлердің қазасы әрбір қазақстандықтың жүрегін сыздатты. Бұл біздің жүрегімізде қалады...
№5546 әскери бөлімшенің әскери қызметшілері, 1993-1999 жылдары тәжік-ауған шекарасын күзеткен құрама ротаның ардагерлері, әскери-патриоттық клуб мүшелері әскери бөлім аумағында орналасқан қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.
«Әскери іс-қимылдар мен әскери қақтығыстарға қатысушылар» РҚБ Атырау филиалының төрағасы Қабира АХМЕТҚАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, тәжік-ауған шекарасында Атырау облысының 350 тұрғыны әскери қызмет еткен. Төрт адам кейіннен алынған жарақат салдарынан көз жұмған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор