Атырау, 28 қараша 08:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мүсінші Мәтениязов

8 117 просмотра

Құлсары қаласына кірер тұста зереңіне ақ құйған, ақ кимешекті алып ана бейнесі тұр – бұл танымал мүсінші  Серік МӘТЕНИЯЗОВТЫҢ (суретте) қолынан шыққан туынды.

Құлсары көшелерінен оның басқа да жұмыстарын кездестіруге болады: «Ата мен әже», «Алтын адам», ақберен ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, ғалым Қабиболла Сыдиықов, мұнайшы Сафи Өтебаетың тас мүсіндері көңіліңе нұр себеді.

Серік Мәтениязовтың анасы қолөнерші, ісмер адам болған. Киіз басып, алаша тоқыған, басқа да тоқыма бұйымдар жасайтын. Ұлына күміс, мыс тиындардан сақина, жүзік соғуды үйреткен де - осы анасы.

- Әскери борышымды өтеп келген соң Оңтүстік мұнай-барлау экспедициясында тас қалаушы, ағаш шебері болып еңбек еттім, -дейді С. Мәтениязов.  - Бос кездерімде мүсіншілікпен айналыстым. Бір мерекеде көршіме астаудың екі жағында отырған аю мен кірпісі бар күлсалғышты сыйға тарттым. Осыны әлгі үйдің туысы, көркемсурет училищесінде оқитын студент көріп, «сәтті шыққан дүние екен, оқуға келсе, емтихансыз өтіп кетері анық» депті. Сол сөздің септігі ме, әлде болашаққа деген ұмтылыс па, 23 жасымда Алматыға барып, көркемсурет училищесінің мүсін бөліміне оқуға түстім.

Кейіннен Серік Мәтениязов Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының монументалды-декоративті мүсін бөлімін тәмамдайды.

Міне, содан бері Қазақстан Суретшілер Одағының Атырау облыстық ұйымында мүсінші болып табан аудармастан еңбек етіп келеді. Ол - облыстағы жалғыз мүсінші. Оның қолынан шыққан  «Қайғылы ана», «Ұйқыда», «Бүркітші», «Күрес», «Абайдың бейнесі», «Бір арқа шөп», «Екеу» атты туындылары жұртшылықтың көз қуанышына айналды. Оны көп жұртшылық Исатай Тайманұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Қайырғали Смағұлов, Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғалардың мүсіндерін жасаушы ретінде де таниды.

- Мүсін жасау - тасты құр қашап шығару емес, - дейді мүсінші.- Бұл өнерде философиялық ой-толғаныс, ізденіс, шеберлік, білімділік бір-бірімен үндесіп жатуы керек. Жәдігерді жақсы біліп, мүсінге ерекшелік енгізу үшін, оның шынайы образын ашу үшін кітапханаларға барып, ғаламторды пайдаланып, біраз ізденуге тура келеді, мүсін кейіпкерінің өмірбаянын, мінез-құлқын, қадір-қасиетін білу үшін жан-жақты зерттейміз. Мен Төлеген Досмағамбетовты өнердегі ұстазым деп есептеймін. Оның кейіпкердің ішкі жан дүниесін шебер жеткізе алатын қабілеті қатты таңғалдырады.

- Жеке көрмеңізді өткізу жоспарда бар ма?

- Иә, Астанада жеке көрмемді жасамақ ойым бар. Ол үшін біраз жұмыстарымды қоладан құйдырмақпын. Әуелі осының бәрін ұйымдастыратын қаражат жағын табу керек.

 

Серік Мәтениязов 1957 жылы Құлсары қаласында дүниеге келген. Облыстағы тұңғыш кәсіби мүсінші. ҚР суретшілер және дизайнерлер Одақтарының мүшесі, Бірінші облыстық «Ақ ерке Жайық» фестивалінің гран-при жүлдегері, халықтық көркем-кәсіпшілік саласындағы облыстың үздік кәсіпкері. Облыс көлемінде орнатылған 20 шақты монументалды мүсіндердің және «Алтын қайық» номинациясы мүсінінің авторы. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

2 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.