Алматыда жасөспірімдер, жастар, шеберлер және мүгедектер арасында армрестлинг пен кір тасын көтеру спортынан ел чемпионаты өтті.
Атыраулық мүмкіндігі шектеулі жандар атынан үш білек шебері жарысқа шықты. Сайыс өте тартысты өтті. Шілде айында Варшавада өтетін әлем чемпионаты мен Сочиде өтетін Бүкіләлемдік Паралимпиадалық ойындарда өнер көрсететін ҚР құрамасына іріктеу жүргізілді.
60 келіге дейінгі салмақта Бекболат Дәулекешов әр қолда бір айқастан ұтып, нәтижесінде 5-орын алды. 75 келіге дейінгі салмақта Қалыбай Тұрдалиев сол қолымен екі айқаста ұтып, үшінші орынға ие болды. Ал, оң қолмен төрт айқаста жеңіске жетіп, ақтық сында алматылық қарсыласына есе жіберді. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол тағы бір «қола» жүлдеге ие болды.
90 келіге дейінгі салмақта облыс намысын Қажымұқан Нұрмағамбетов қорғады. Ол оң қолымен екі айқас, сол қолымен бір айқаста ұтып, екінші орынға ие болды.
Турнир қорытындысы бойынша үшеуі де ҚР құрамасына шақырту алды. Спортшылар қолдау көрсеткені үшін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н. Ермұханов пен орынбасары Г.Қаленоваға, сонымен қатар «Атырау облысы мүгедектерінің спорт клубы» КМК директоры С. Торғаевқа алғыс айтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ