Атыраудың қақ ортасындағы өзінің жеке меншік үйінде мүгедек қараусыз жатыр.
Жансыз аяқтарын сүйреп, жер бауырлап, жақын маңдағы дүкенге жетуге тырысқан 52 жастағы Николай РОДИНДІ көргенде көршілері жандарын қояр жер таппады.
- Ол жалғыз тұрады, - дейді Привокзальный 5-ықшамаудандағы №9 үйде тұратын көршісі. - Әрине, біз оған тамақ әкеліп береміз, алайда бұл мәселені шешпейді: ол жүре алмайды, өзін-өзі күте алмайды, біз бір жағына кетіп қалсақ, аш отырады. Ақысын төлемеген соң, пәтерінде жылу, жарық және суды айырып тастаған... Мына қыстан қалай шыққанын білмеймін.
Бұл әңгіменің ақ-қарасын айыру үшін біз Николай Васильевичке қонаққа бардық. Бесқабатты «хрущевканың» бірінші қабатынан-ақ мүңкіген сасық иіс Николай тұратын бесінші қабатта мүлдем шыдатпайды екен. Есік бірнеше минут тоқылдатқан соң барып ашылды: қабырғаға сүйеніп, екі тізесі бүгілген тері қаптап қойған құр сүлде бізге қарап тұрды да, жерге сұлқ құлап, қоқық үйілген еден үстімен өзі үшін қонақ бөлме болып есептелетін жаққа қарай жер бауырлай жөнелді. Диванға шыққысы келіп біраз әрекеттенді де, ештеңе шықпаған соң, еденге жайғаса салды.
- Суларыңыз бар ма? - деп сұрады ол еш амандаспастан. – Үш күннен бері су ішкен жоқпын.
...Мен сатып әкеліп берген литр жарымдық бөтелкедегі суды басына бір көтеріп, кім екенімізді сұрады.
Анықтағанымыздай, Николай Михайлович – 1987 жылдан бері осы пәтерде тұрады екен. Өмір бойы дәнекерлеуші болып жұмыс жасап, 2006 жылы аяғын қатты күйдіріп алып, әрі қарай жұмыс жасай алмаған. Зейнеткерлік жасқа әлі ерте, ал мүгедектікті әр түрлі себептермен ресімдемеген. Осы жылдар бойы Николай Михайлович нан мен суды талғажу етіп келеді, жазда қайыр сұрауға шығады, ал қыста шыққысы келгенімен, әбден ескірген киімдері дал-дұл болып, үсіп өлуден қорқады екен. Айтса айтқандай, ер адамның үстінде жыртық көйлек пен джинсы ғана, үй ішінің аңызағына қарамастан, жалаң аяқ жүр.
- Николай Родин мүгедектер реестріне тіркелмеген, сондықтан да мүгедектігі бойынша жәрдемақы да, зейнетақы да ала алмайды, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Раиса ОРАЛОВА. – Бұл жерде былай жасау керек: алдымен учаскелік дәрігердің қабылдауында болып, аурудың себебін анықтап, емделіп көру керек, ал егер ем қонбаса, мүгедектік, оңалту шараларын алуы қажет...
Менің келесі келуімді Николай Михайлович күтті, бірақ мен айтқан жаңалықтарымнан кейін тұнжырап:
- Менде әлі күнге дейін қызыл паспорт, сіз не айтып тұрсыз? Бірдеңені енді өзгертуге менің күшім жоқ... Маған тек су мен нан әкеліп тастай аласыз ба?
Мақала шығар кезде Николай Михайлович Родиннің қайтыс болғаны туралы хабар келді. Оның денесін көршілері тапқан, қазір ол мүрдеханада, ал, жерлеу рәсімімен туыстары айналысып жатыр.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор