Атырау, 28 қараша 08:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Вице-премьермен кездесу кезінде не туралы айтылды?

4 170 просмотра

19 наурызда Атырауға ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ келді.

«МЕДИЦИНАНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУҒА АЗАМАТТАРДЫҢ ӨЗДЕРІ МЕН ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІ ЖҰМЫЛДЫРАМЫЗ»

APEC Petrotechnic оқу орталығында вице-премьер сөз сөйледі: «Дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру қысқартылмайды. Әлемде болып жатқан экономикалық оқиғаларға байланысты біздің басты міндетіміз – халықты жұмыспен қамту. Бұл үшін мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданды. Оның басты мақсаты - өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Егер барлық қабылданған бағдарламалар табысты жүзеге асырылса, онда кем дегенде елімізде 400 мың жаңа жұмыс орындары ашылады...

Экономикалық ауыр ахуалға байланысты республикалық бюджетте түзетулер орын алды. Ағымдағы жылға бұрын жоспарланған мектеп құрылысы кейінге шегерілді, дегенмен де, таяудағы үш жылда елде кем дегенде 77 мектеп пен 27 балабақша салынады. Экономикалық ахуал жақсарған кезде бұрынғы қарқынмен білім беру нысандарын салу жалғаса бермек...

Біз білім беру жүйесіне тәртіп орнатқымыз келеді. Бүгінгі экономикаға қажет мамандар әзірлеу керек. Студенттер жұмыс берушілермен келісімшарт негізінде оқуы тиіс, сол кезде жұмысқа орналасуға қатысты проблема туындамайды. Статистикалық мәліметтер бойынша, елде түлектердің 70 пайызы жұмысқа орналасады, бірақ іс жүзінде олар кәсіпорындарға барып, ол жерден жалған анықтама алып, оларды оқу орындарына тапсырады екен. Биылғы жылдан бастап жұмысқа орналасу туралы мәліметтерді Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан алатын боламыз...

Денсаулықты сақтауға адамның өзі және жұмыс беруші мүдделі болуға тиіс. Президенттің тапсырмасына сәйкес, біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құруға кірісеміз, онда қаржыландырудың үш көзі қарастырылады. Қазір емдеу мекемелері тек мемлекет желісі бойынша ғана қаржыландырылуда. ҚР азаматтары мен жұмыс берушілер бұған қатыспайды. Жаңа Заң қабылданатын болады».

 

ПЕРЕТАСКАНЫ КӨШІРУ МӘСЕЛЕСІ

АМӨЗ кеңсесінде вице-министр облыстағы ірі кәсіпорын басшыларымен кеңес өткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, атап айтқанда, Оң жақ Төменгі Перетаска поселкесінің тұрғындарын көшіру мәселесін қозғады:

– «АМӨЗ» ЖШС-нің санитарлық-қорғау аймағының (СҚА) алаңы 740 гектарды құрайды. Зауытты жаңғырту барысында СҚА 805 гектарға дейін кеңейтіледі. Аумақ 40 гектар бос жерге және 54 пәтерлік екі қабатты 3 тұрғын үй, жер телімдері бар 110 тұрғын үй, түрлі мақсаттағы 56 жер телімдері орналасқан 25 гектарға көбейді.

Бірінші кезеңде 2015 жылы хош иісті көмірсутек өндіру (ХКӨ) кешенінің іске қосылуына байланысты 5 тұрғын үй мен бір жер телімі күрелуге кетеді. Бір тұрғын үй бойынша мәселе шешілді және ресімдеу процесі жүріп жатыр. Қалғандары бойынша сот жалғасуда. Екінші кезеңде 2016 жылы мұнайды терең өңдеу кешенінің (МТӨК)  пайдалануға берілуіне байланысты 105 тұрғын үй, түрлі мақсаттағы 55 жер телімі мен екі қабатты 3 тұрғын үй күреледі. ҚР заңнамасына және Бас прокуратураның түсіндірмесіне сәйкес, күрегені үшін «АМӨЗ» ЖШС мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ күштерімен өтемақы төленуі тиіс. Облыс әкімдігі көшуге келісетіндер үшін пәтерлер мен жер телімдерін бөлу түрінде қолдау көрсетуге әзір.

– Персоналдарға ағылшын тілінде тестілеу жүргізуді мәлімдеген «Ерсай Каспиан Контрактор» компаниясы туралы не айта аласыз? – деп сұрақ қойды вице-премьер.

– Сіздің тапсырмаңызды алдық, анықтап жатырмыз, - деп жауап берді мемлекеттік еңбек инспекциясының облыстық басқармасының басшысы Салауат ИШАЙ.

– Бұл «Тілдер туралы» Заңды бұзу! Анықтап, барлық басшыларға хабарлау керек. Қазақстандық немесе шетелдік кәсіпорындар болсын, бәрі де Қазақстан заңын сақтауы тиіс. Басқаларға сабақ болу үшін, оларға дегенде қатал болуымыз керек!.. – деп эмоциямен комментарий берді Сапарбаев.

 

«ІШІНАРА ДЕМОБИЛИЗАЦИЯ» ЖӘНЕ ДУБАЙДАҒЫ ЗӘУЛІМ ҒИМАРАТ

Өз баяндамасында «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим МИЛЛЕР мұнай бағасының күрт түсуіне байланысты компания бүкіл қызмет саласындағы 2015 жылғы пайдалану және күрделі қаржы шығындарының бюджетіне оңтайландыру жүргізіп жатқанын атап өтті. 

– Кейбір жобалар бойынша жұмыстар тоқтатылатын болады. Алайда барлық ірі күрделі жобаларды жүзеге асыру жалғасады. ТШО еңбекақы мен кадрларды даярлаудың және дамытудың негізгі бюджетін қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Біз әлеуметтік салаға салынатын инвестициялар көлемін сақтаймыз.

– Бізге сіздің мердігерлер тарапынан олар атқаратын жұмыс көлемінің қысқартылғаны, нәтижесінде бір мыңнан астам қызметкерлерді қысқарту жоспарланып отырғаны туралы жолданым түсті. Сіз не айтасыз? – деп сұрады Сапарбаев.

– ККЖ жобасындағы ішінара демобилизацияның орын алғанына қарамастан, компания қызметкерлерінің жалпы саны өзгерген жоқ. 2014 жылы біз 64 млн адам-сағатты игердік. Сіздерге осы көлемді ұсыну оңай болу үшін 2015 жылы сол көлемді сақтауды жоспарлап отырмыз. Бұл Дубайдағы - әлемдегі ең биік зәулім ғимарат құрылысына қажет болған көлемнен үш есе көп, - деп жауап берді Миллер.

– «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ кәсіпорынның 300 млн теңге сомасында жергілікті тауар өндірушілермен ынтымақтастық туралы 7 меморандумға қол қойғанын хабарлады. Бұдан басқа, «Ембімұнайгаз» отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасады, тауарлар бойынша – 10 млрд теңгеге, жұмыстар мен қызметтер бойынша – 49 млрд теңгеге. Ағымдағы жылы кәсіпорын 2,8 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр.

«Атыраунефтемаш» ЖШС бас директоры Александр ДОНСКОВ ұстамды оптимизммен сөз алды:

- Қаңтарда қорқынышты болды, өйткені менде бірде-бір келісімшарт болған жоқ. Мұнайшылар бюджеттерді қайта қарап, жобаларды қысқартты. Бағымызға қарай, ақпанда қазақстандық қамту жөніндегі форум шеңберінде біздің компания жер қойнауын пайдаланушылармен 5 меморандумға қол қойды. Қазір осы меморандумдар бойынша үш келісімшарт жасалды, олардың екеуі ұзақ мерзімді. Және дәл бүгін жапондық «Марубени Корпорейшн» мен қытайлық «Синопек Инжиниринг» компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Біз 1,6 млрд теңгеге АМӨЗ-ді жаңғырту жобасы үшін жабдықтарды жеткізу келісімшартына қол қою туралы алдын ала келісімге келдік. Яғни, біздің кәсіпорын биылғы жылдың қазан-қараша айына дейін жұмысбасты болады. Бұдан басқа, біз ірі габаритті және габариттен тыс металл бұйымдардың жаңа өндірісін іске қосуымызға байланысты қосымша 100 қызметкерді жұмысқа аламыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

20 наурыз 2015, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.