Атырауда масаң жүргізуші полицияның патрульдік көлігі зардап шеккен жол-көлік оқиғасына кінәлі болды.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, 3 наурызда таңертең ертемен шамамен сағат 4.40-та Азаттық даңғылы мен Атамбаев көшесінің қиылысында кезекшілікте тұрған «Батыс» жол-патрульдік қызметінің экипажы жүргізушісі сенімсіз түрде жүргізіп келе жатып, кенеттен тежегішін басып, қозғалыс бағытын күрт өзгерткен «Фольксваген» көлігіне назар аударды. Полицейлер дыбыс зорайтқышпен күмәнді көлік жүргізушісіне тоқтауға бұйрық береді. Алайда жүргізуші полицейлердің талабына құлақ аспай, бағдаршамның тыйым салатын сигналы жанғанда солға күрт бұрылып, патруль көлігімен соқтығысқан.
Ереже бұзушы оқиға орнынан қашып кетуге әрекеттенгенмен, полицейлер оны қолға түсірді.
Тексеру нәтижесінде «Фольксваген» жүргізушісінің масаң күйде көлік жүргізген 27 жастағы Атырау тұрғыны екені анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы («Көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару») бойынша хаттама толтырылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ