Ресей түрмесінде қамауда жатқан Украина әскери қызметкері Надежда Савченкоға «Украина батыры» атағы берілді.
Тиісті жарлыққа қол қойған Украина президенті Петр Порошенко «Надежда Украина рухы мен батырлығының иілмейтіндігін көрсететін символға айналды. Ол Украинаны қалай сүйіп, қалай қорғау керегін көрсетті. Ол - біздің жеңісіміздің символы»,-деді.
80 күннен бері түрмеде наразылық ретінде аштық жариялап жатқан Савченкоға дүйсенбі күні адам құқығы жөніндегі президенттік кеңестің басшысы Михаил Федотов пен осы кеңестің мүшесі, дәрігер Елизавета Глинка жолығып шыққан.
Олар «Матросская тишина» уақытша қамау абақтысының ауруханасында жатқан Савченконы аштықты тоқтатуға тағы да көндіре алмағандығын хабарлаған. Глинканың айтуынша, әлсіреп, қалжырағанына шағынған Савченко «анық зардап шегіп отыр».
Ресейшіл сепаратистер Надежда Савченконы 2014 жылы маусымда Украина шығысында тұтқындап, Ресейге беріп жіберген. Ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар деп айыпталып, қамауда отырған Надежда Савченко желтоқсанның 15-інен бастап наразылық ретінде аштық жариялаған. Тұтқынның күрт салмақ жоғалтуына байланысты қаңтардың ортасында оны Мәскеудегі «Лефортово» абақтысынан «Матросская тишина» абақтысының медициналық бөліміне ауыстырған.
Дереккөз: Азаттық радиосы