Атырау, 25 қараша 13:05
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өткен жылы жоғалған «Боинг» ұшағын іздеу жұмысы тоқтатылуы мүмкін

1 545 просмотра

Өткен жылдың наурызында ұшты-күйлі жоқ болып кеткен малайзиялық «Боинг-777» ұшағын іздеу жұмыстары осы жылы тоқтатылуы мүмкін. Бүгін Австралия премьер-министрінің орынбасары Уоррен Трасс осындай болжам айтты, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

«Әрине біз ұшақты табу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз, алайда іздеу жұмыстары мәңгілік жалғаспайтыны түсінікті», - деген ол іздеу операциясының ағымдағы кезеңі мамыр айында аяқталатынын еске салды.

Трасстың мәліметінше, Австралия, Малайзия және Қытай сарапшылары егер таяу айлар ішінде ешқандай нәтиже болмаса, одан әрі қандай шара қабылдау мәселесін талқылап жатыр.

«Іздеу жұмыстарының қашанға дейін созылатынын шешуіміз керек», - деп толықтырды вице-премьер.

Сондай-ақ ол Австралияның Малайзия және Индонезия елдерімен бірлесіп Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі әуе кеңістігінде ұшақтың қай жерде ұшып бара жатқанын қазіргідей 30-40 минут сайын емес, әрбір 15 минут сайын бақылап отыру үшін әзірленген навигация мен байланыстың жаңа жүйесін сынақтан өткізетінін атап өтті.

Бұдан бұрын Малайзия билігі жұмбақ күйде жоғалған лайнердің жолаушылары мен экипаж мүшелерін қаза тапты деп ресми түрде жариялаған кезде, Австралия үкіметі ұшақты іздеуді жалғастыра беретінін мәлімдеген еді.

Айта кетсек, «Малайзия әуе желілері» компаниясына тиесілі «Боинг777-200» ұшағы 2014 жылдың 7 наурызында Куала-Лумпур – Бейжің бағытында рейс орындау кезінде жоғалды. Лайнер бортында 227 жолаушы мен экипаждың 12 мүшесі болған. Малайзия астанасынан ұшып шыққаннан кейін шамамен екі сағаттан соң ұшақпен байланыс күрт үзілген.

«Боингтің» жоғалғанына бір жыл толғанда, яғни 7 наурыз күні Малайзия үкіметі іздеу жұмыстарының қорытындысы туралы баяндама жариялайды деп күтілуде.

Дереккөз: bnews.kz

2 наурыз 2015, 14:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.