Индустриалдық колледжде ауған соғысы ардагерлерінің жоғары сынып оқушылар және студенттермен болған кездесуінде ауған соғысы, Қазақстан тәуелсіздігі үшін экстремизмнің қаупі және Отан алдындағы қарыз туралы әңгіме айтылды.
Айбар Жұмашев, Сергей Павлов, Әлішер Құлов, Хайролла Көшқалиев, Ризабек Дәулетов, Бейімбет Үлкенбаев сынды ауған ардагерлерін жастармен сұхбаттасуға тағы бір «ауғандық», қалалық мәслихаттың депутаты Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ тартқан екен. Колледждің акті залына осы оқу орнының студенттері мен М. Ломоносов, А. Құнанбайұлы, Ә. Жангелдин атындағы орта мектептердің оқушылары жиналды.
- Балалардың бұл психологиялық тұрғыдан ең осал жасы екені құпия емес, бұл жаста балалар эмоционалдық тұрақсыздыққа, дүрсе қоя беруге бейім болады, сонымен қатар сыртқы ортаға қатты еліктейді. Радикалдық секталардың, дәстүрлі емес діни ағымдардың жиі құрбаны болатын да осы - жасөспірімдер,- дейді М. Әмірғалиев. – Осы қауіптердің алдын алу, олардан сақтандыру біздің міндетіміз деп есептеймін. Бір жағынан, бүгінгі қалыптасқан саяси ахуалды ескерсек, Отанды сүю, оны қорғау сияқты сезімдер қазір өте өзекті болып тұр.
15 ақпанда «ауғандықтар» кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 26 жыл толуын атап өтті. Ардагерлер жастарға сол соғыстың не үшін болғаны, кез келген соғыстың қасіреті, сырт көзге қарағанда мызғымас болып көрінетін еліміздегі бейбітшіліктің қаншалықты әлсіз екендігі туралы айтып жеткізгілері келді. Соғыста шыңдалған мықты жігіт болсаң да, 150-дей жасөспірімді бір залға отырығып, оларға сөздерін жеткізу оңай шаруа емес. Алайда жігіттер мұны да еңсере білді. Ауғанстаннан темір табытпен оралған 19-20 жастағы жігіттердің суреттері жастардың оқиғаға басқаша көзқараспен қарауына себеп болды. Зал қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ