Атырау, 29 наурыз 19:16
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

АМӨЗ штат санын «оңтайландырады»

2 504 просмотра

2015 жылы АМӨЗ Зауыттың профильдік емес бөлімшелерін аутсорсингке шығару және оларды кәсіпкерлік секторға беру бойынша бағдарламаның 2-кезеңін жүзеге асыруға кірісті.

Қаңтардан бастап зауыт құрылымынан көлік цехы шығарылды, 2015 жылдың бірінші тоқсанында электрмен қамту цехын, 2-жартыжылдықта жөндеу-механикалық цех пен БӨАжА цехын шығару күтілуде.

Жөндеу-механикалық цехы технологиялық қондырғыларды жөндеу бойынша қызмет көрсетеді және онда зауыт жабдықтарының барлық қыр-сырын меңгерген 140-қа жуық адам жұмыс жасайды. Қазірдің өзінде тендер жарияланды, наурыз айында өткізіледі. Зауыт құрылымынан шығарылған цехтың қаншалықты тиімді жұмыс жасайтыны, жаңа иелері тәжірибелі қызметкерлерді сақтап қала алатыны туралы болжам жасау қиын, алайда үдеріс басталып кетті.

АМӨЗ құрылымынан профильдік емес цехтарды шығару және штат санын оңтайландыру бойынша іс-шаралар 2014 жылы ҚР президентінің шағын және орта бизнесті дамыту туралы тапсырмасы аясында басталған еді. «Мұнай өңдеу зауыттарының профильдік емес бөлімшелерін аутсорингке шығару жалпы танылған әлемдік тәжірибе болып табылады және кәсіпорынның негізгі өндірістік қызметіне баса назар аударуы үшін қолданылады. 2014-2016 жж. кезеңіне Мұнай өңдеу зауыттарының («АМӨЗ» ЖШС, «ПМХЗ» ЖШС) штат санын оңтайландыру және құрылымынан профильдік емес активтер мен қосалқы қызмет түрлерін шығару бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаны жүзеге асырудың басты талабы АМӨЗ-дің білікті қызметкерлерінен тұратын кадрлық әлеуетті сақтап қалу болып табылады»,- деп жауап берді біздің редакциялық сауалымызға АМӨЗ бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВ.

2014 жылғы тамызда аутсорингтің бірінші кезеңі аяқталды, оның нәтижесінде зауыт ұжымы 300 адамға азайды.

« «АМӨЗ» ЖШС құрылымынан өрт сөндіру, газдан құтқару және медицина қызметтері, жобалық-конструкторлық орталық, метрологиялық қызмет, КБАЖ қызметі, өткізу бюросы, табель бюросы, қызметкерлермен есептесу бухгалтериясы, кеңсе, «Новатор» корпоративтік газетті шығару тобы, вентиляциялық қондырғыларға қызмет көрсету тобы, көлік цехының жеңіл автопаркі сияқты бөлімшелер шығарылды. (Өзімізден қосымша ақпарат берсек, зауыттың медициналық қызметі «Медикер» ЖШС-ке, өрт сөндіру қызметі «Өрт Сөндіруші» АҚ-қа көшті).

Зауыттың №45 балалар комбинаты да зауыт құрылымынан шығарылды. Комбинаттың басшылығы «Балшуақ» ЖШС-ін құрып, 2014 жылғы 1 тамыздан бері зауыттықтар мен қала тұрғындарының балаларына мектепке дейінгі тәрбие беру қызметін өзі атқараып жатыр.

...Зауыт басшылығы мен кәсіподақ комитеті мердігер компаниялармен қызметкерлеріміздің жалақылары деңгейін және әлеуметтік пакеттерін сақтай отырып, міндетті түрде жұмысқа алу туралы келісімге қол жеткізді. Қызметкерлердің жалақысы зауытта қарастырылған үстемақылар мен сыйақыларды есепке ала отырып жоспарланды, әлеуметтік пакетке медициналық сақтандыру шығындары, бір рет берілетін сауықтыру жәрбемақысы, мектепке дейінгі балалары бар қызметкерлерге жәрдемақылар кіреді.

Зауыттың жауапты қызметтері көрсетілген қызметтердің сапасына, жалақыны уақытылы төлеу және әлеуметтік пакеттердің сақталуын үнемі қадағалап отырады, сондай-ақ, ай сайын басшылыққа мердігер ұйымдардың қызметтері бойынша есеп беріп, тоқсан сайын өзекті мәселелерді анықтау үшін аутсорингке шығарылған бөлімшелер ұжымымен кездесу ұйымдастырып отырады.

...Бүгінде зауыт қызметкерлерінің саны 2000-нан аса адамды құрайды. 2014-2016 жж. кезеңдерінде аутсорсинг іс-шараларын өткізгеннен кейін еңбек өнімділігінің 2 есеге – 2014 жылы 1800 тонна/адамнан 2016 жылы 3620 тонна/адамға дейін артуы күтілуде. Бағдарламаны жүзеге асыру экономикалық тұрғыдан тиімді. 2015-2019 жылдарда ІІ кезеңді жүзеге асыру тиімділігі шамамен 3 352 млн. теңгені құрайды».

Басшылықтың бұл позитивті жауабына қарамастан, зауыттық деген мәртебелерінен айырылған қызметкерлердің көңіл-күйлері онша емес. Басшылықтың жалақы деңгейі мен әлеуметтік пакеттерді сақтаймыз деген уәдесіне қарамастан, әсіресе, тәжірибелі адамдар барлық артықшылар алынып, қарапайым жалақымен қаламыз деп қорқады. Мәселен, «Балшуақ» болып кері құрылған №45 ведомстволық балабақшаның көптеген тәрбиешілері зауыт құрылымынан шығарылғаннан кейін басқа жеке меншік балабақшаларға кетіп қалған. Кейбір күмәншіл адамдардың пікірінше, басшылық сөз бергенмен, қызметкерлер зауыттық мәртебесінен айырылған кезде әл-аухаттары деңгейі төмендейді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ. Аутсоринг – бұл сәйкесінше салада маманданған басқа компанияға  бизнес-функциялардың кейбірін немесе компанияның бизнес-үрдісінің бір бөлігін беру. Басты мақсаты – кәсіпорын шығындарын үнемдеу және басты назарды профильдік қызметке, бұл жағдайда мұнай өңдеуге шоғырлардыру.

25 ақпан 2015, 10:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.