Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынында. Нью-Йорк, 23 ақпан 2015 жыл.АҚШ пен Ресей өкілдері ақпанның 23-інде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Украина дағдарысына қатысты бір-бірін айыптап, дауласып қалды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қауіпсіздік кеңесін "батыс елдері қабылдайтын шешімге мөр басатын құралға айналды" деді. Ол АҚШ-ты "күдікті әдістерді" қолданады деп, оның ішінде "бір жыл бұрын Украинада конституцияға қайшы мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырды" деп айыптады.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэрс Мәскеуді Украинаның шығысын басып алған ресейшіл сепаратистерді қаржыландыру, қаруландыру және әскер күшін жөнелту арқылы БҰҰ жарғыларын бұзды деп айыптады.
Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин Ресей Украина территориясында "гибридті соғыс бастады" деп, Киев қақтығысты тоқтатуға көмектесу үшін БҰҰ-дан Шығыс Украинаға бітімгерлік күштерін кіргізуді сұрай алатынын айтты.
Литва сыртқы істер министрі Линас Линкевичус те Мәскеуді "зорлық-зомбылық пен күш қолдану арқылы Еуропа шекарасын қайта сызуға тырысады" деп айыптады. "Шығыс Украинадан Молдованың Приднестровье, Грузияның Абхазия мен Оңтүстік Осетия аймағына дейінгі аумақта Ресейдің көршілерінің ішкі ісіне араласқаны көрінеді. Украина бір жыл бойы Ресейдің арнайы жасағы мен жалдамалылар шабуылына ұшырап отыр" деді Линкевичус.
Қытай сыртқы істер министрі Ван И "Қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі сияқты ескірген түсінік-пайымдар мен нәтижесіз ойындар әлдеқашан-ақ тарих қойнауына кетуі тиіс еді" деді.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің министрлер деңгейіндегі жиынын Қытай биыл құрылғанына 70 жыл толатын БҰҰ-ның жұмысына баға беру үшін ұйымдастырған.
Дереккөз: Азаттық радиосы