Атырау, 28 қараша 06:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жолдар: әкім облыс орталығымен өзі айналысады

3 465 просмотра

Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өзінің жыл сайынғы есеп беруінде облыс орталығындағы сапасыз жолдарға қатысты өз атына айтылып жүрген сындар туралы білетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Атырау жолдарының 80%-ы қанағаттанарлық жағдайда болғандықтан, соңғы екі жылда қаражат негізінен ауылдық жерлер жолдарын салуға бөлінген екен.

- Менің атыма қалалық ықшамаудандар мен қала маңындағы ауылдық округтар жолдары жөнделмейді деп сын айтылуда. Өткен жылы Форумға дайындық аясында жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын 16 көше жөнделді. Биыл жалпы ұзындығы 164 шақырым болатын 229 көшені асфальттауға құжаттар дайындалды. Жұмыстардың құны – 9,4 млрд теңге. Қаржының түсуіне байланысты енді қалалық жолдар да жөнделетін болады, - деді Ізмұхамбетов.

2014 жылы көлік инфрақұрылымына 21,4 млрд теңге бөлініп, 202,4 шақырым жол жөнделген. Ізмұхамбетовтың айтуынша, Атырау – Индер трассасының 174 шақырымы жаңартылды, қалған 15 шақырымы биыл аяқталады. 2014 жылы Қарабау – Миялы (топырағы төгілді, биыл асфальтталады) және Ганюшкино – Приморье – Утеры – Котяевка облыстық маңызы бар екі жол қайта салынды.

Жылыой ауданы Тұрғызба ауылы және Махамбет ауданы Бейбарыс ауылындағы, Махамбет ауданындағы Жалғансай, Исатай ауданындағы Тұщықұдық және Ерғалиев ауылдарына кіру жолдары сияқты аудандық маңызы бар жолдар тапсырылды.

Биыл Махамбет ауданындағы жеті ауылға (Махамбет, Алға, Еңбекшіл, Ортақшыл, Есбол, Ақжайық, Сарайшық), Индер ауданының төрт ауылына (Индербор, Құрылыс, Жарсуат, Бөдене), Мақат ауданының үш ауылына (Мақат, Бәйгетөбе, ПМС), Қызылқоға ауданының үш ауылына (Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану), Исатай ауданының екі ауылына (Аққыстау мен Жанбай), Жылыой ауданының Қосшағыл ауылына кіретін және жүргіншілер жолдарына жөндеу жұмыстары аяқталады. 

2015 жылы Жылыой ауданындағы Шоқпарторғай ауылы мен Құрманғазы ауданының «Дәулеткерей-Алға» ауылдарындағы автомобиль жолдарына жөндеу жүргізу аяқталады. Махамбет ауылы тұсынан Жайық өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысы жалғасады, 2016 жылы тапсырылады деп жоспарланған.

Әкім өзінің өткен жылғы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы тұрғындарымен кездесуінде темір жол үстінен жүргіншілер көпірін саламыз деп уәде бергенін еске салып кетті:

- Мердігердің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары ақыры басталған жоқ. Оны сотқа бердік. Биыл жаңа мердігер анықталды, құрылысты осы жылдың соңына қарай бітіру жоспарланған.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

20 ақпан 2015, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.